ЫСЫРАПШЫЛДЫҚ - ҚОҒАМ ДЕРТІ

ЫСЫРАПШЫЛДЫҚ - ҚОҒАМ ДЕРТІ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Ысырап сөзі араб тілінен енген "босқа шашу", "мөлшерсіз жұмсау",  "шектен шығу"  деген мағыналарды білдіреді.

Алла Тағаланың тарту еткен несібесін беталбатты шашу, орынсыз жұмсау, бұл түбінде өкініш алып келетін күнәлі іс. Қасиетті Құранда Алла Тағала ысырап жөнінде былай деген:

"Жеңдер, ішіңдер бірақ ысырап етпеңдер! Алла Тағала ысырап еткендерді әлбетте жақсы көрмейді" ("Ағраф" сүресі, 31 аят).

 Ысырап етуші пенде Жаратушымыздың алдында жағымсыз іс жасаумен қоймай малғұн шайтанның бауырына айналады. Бұл жөнінде де Алла Тағала қасиетті Құранда былай дейді:

 "Жақын туысқа, пақыр міскінге әрі жолда қалған жолаушыға тиісті жақсылығыңды жаса. Мал дүниеңді орынсыз шашып төгіп ысырап қылма. Шүбәсіз ысырап етушілер шайтандарға бауыр. Ал шайтан болса Раббысына рақметі жоқ малғұн"  ("Исра" сүресі, 26-27 аяттар).

  Міне, осы жоғарыдағы аяттарға қарап ысырапшылдық ету қаншалықты жаман әрі күнәлі іс екенін байқаймыз. Ардақты Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) берілген нығметті қалауымызша тұтынуымызды рұқсат етіп, алайда ысырап жасауға тыйым салып былай деген: "Адамды адасу жолына жетелейтін нәрсе ысырапшылдық пен тәкаппарлық" (Бухари).

  Бабаларымызда кейінгі ұрпақ сізбенен бізге ысырапшылдыққа бармай, қолдағы бар ризық-несібені орнымен пайдалана білуді өсиет еткен. Хакім Абай атамызда шығармаларының бірінде ысырапшылдықты ең бір жаман әдет ретінде қарастырып былай деген: 

"Өсек, өтірік, мақтаншақ

Еріншек, бекер мал шашпақ

Бес дұшпаның, білсеңіз"

  Демек, Алланың берген ризығынан жеп, ішіп, алайда дәулет артқан кезде жағдайы төмен кедейдің, жетім-жесірлердің де жай-күйлерін ойлап, оларға да тиісті үлестерін беруді естен шығармау қажет. Яғни өзінен артылған несібесінен бөлісіп, садақа еткені абзал.

   Жалпы, дінімізде ысырапшылдықтың бірнеше түрі бар. Олар қаражат жұмсауда, киім киінуде, тамақтануда, уақытты пайдалануда. Мәселен сырт көзге мақтану ниетімен қымбат киіну ысырапшылдыққа жатады. Сондықтан қаражатымызды пайдасы тиетін жерге жұмсап, зияны тиетін жерден аулақ болуымыз керек.

 Қазіргі кезде қоғам дертіне айналған үлкен мәселенің бірі тамақтануда ысырапшылдық жасау. Той - жиындарды айтпағанда жай ғана бас қосулардың өзінде көптеген ысырапшылдық орын алуда. Әсіресе жастар арасында дінімізге де дәстүрімізге де сай келмейтін орынсыз, пайдасыз кездесулер көбеюде. Солардың барысында ас-сусындар көптеп алынып, соңында ішіп-желінбей көбісі қоқысқа тасталынып жатады.Бұндай рәсуашылдықты, ысырапшылдықты дер кезінде, сіз бенен біз болып тоқтатуымыз керек. Өйткені мұндай істердің арты берекетсіздікке және орны толмас өкінішке алып келері анық.

  Тағы бір мысал, адамдар арасында ауысқан қаражатын бірден ас-ауқатқа жұмсайтындар көп. Көшеде кетіп бара жатып көңілі ауған нәрсесін сатып алып немесе көзі қызыққан нәрсесін ала салатындар аз емес. Бұл жөнінде Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у) хадисінде былай деген: "Көңілі қалаған нәрсесінің барлығын алып жей беру - ысырапшылдық".

   Дінімізде аз тамақтанып, тән саулығын күшейтумен қатар, мешкейлікпен артық асап, көп ішіп-жеуден тыйылуда ескертілген. Адамзаттың асылы, Сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.у):

 "Ішіңдер, жеңдер, киініңдер және садақа беріңдер, бірақ ысырап пен тәкаппарлықтан сақтаныңдар" дейді.

 Ысырапшылдық деген Жаратушы берген нығметтерінің қадірін білмеу, оларға шүкірлік етпеу деген сөз. Алла сүймейтін істен барынша аулақ болайық ағайын!

  Алла Тағала баршамызды өзіне лайықты құл болып, нығметтерінің қадірін білетін, шүкіршіл пенделерден болуымызды нәсіп етсін!

Нуртуган  Умирзаков 

Қордай ауданы, Жаңатұрмыс ауылы

«Жаңатұрмыс» мешітінің имамы 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: