Хиджаб – ұлттық емес, мұсылмандық киім

Хиджаб – ұлттық емес, мұсылмандық киім

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бұқара халықтың шашын тік тұрғызатын хиджаб негізінде ұяты сақтауға арналған жамылғы, ал кей көпшілік бұл жайында адасып жүр.

   Халық арасында туып жатқан өрескел дау өршімесе, басылар түрі жоқ. Бұл мәселе қыздардың тым жалаңаштанып кетуінен туындап отыр. Өйткені, жалтыраған сан мен жалбыраған шашты көріп әбден үйреніп қалған көпшілік көзі – жабылған қызды көрсе, бұзылған я уахбис деп санайды. Аллаһ Тағала былай деп айтады: «Өзің білмеген бір нәрсенің соңына түспе. Расында, құлақ, көз және жүрек олардың барлығы одан сұралады. Жер жүзінде даңдайсып жүрме. Өйткені, сен жерді әсте жара алмайсың да, бой жағынан да тауларға жете алмайсың» (Исра, 36, 37). Санамыздың соншалық наданданғаны жартылай жалаңаш киім жақсы деп, ондай киімге ешкім таң қалмайтын болды. Керсінше, тобықты жасырып, бүркеншегін ораған қызды көрсе жын көргендей жүздері құбыла түседі. Сондағы айтатындары: «Бұл қазақтың киімі емес, ол арабтың ұлттық киімі». Осы сөзді тілге тиек еткендер қазақтың нақ ұлттық киімі қай жаста қандай болғанын және арабтардың ұлттық киімі қандай екенін сол кезеңге барып көрді ме екен деген сұрақ туындайды. Ия, әлбетте кім болса да бұл киімдерді деректер бойынша топшалап отыр. Ендеше, тарихи деректерге көз жүгіртіп көрелікші. Арабтың ұлттық киімі қандай еді, ал қазақтың киімі қандай еді? Бәрімізге белгілі ешбір ұлт қысқа киім кимеген. Қай ұлтты алып қарасақ та қысқа көйлек деген ұғымның сықырығыда естілмейді. Мәселен, корейдің ханбогі, қазақтың қос етек көйлегі сияқты басқа да қытай, жапон, франсуз, ағылшын, монғол, қырғыз, өзбек, еврей болсын, орыс ұлты болсын ұзын етекті көйлек киген. Тіпті қайбір дінді алып қарасақ та орамалсызын көрмейміз. Сол секілді араб халқы да ұзын көйлекті киген. Олар құмды шөлейтті жерде мекендегендіктен күннің ыстығы мен желдің соққысы қорғануды қажет етті. Сондықтан да әйелдері де, ерлері де бастарын орап жүрді. Дегенмен, олар қалай орады? Біз көрген хиджаб түрінде ме? Әлбетте жоқ! Олар басын күннен бүркегенімен шаштары мен мойындары ашық жүрген. Мойындарында үлкен алқалар болған. Тек ислам діні түсіп, жаулық парыз болғанда ғана шаштарын көрсетпей толық жабылған. Яғни киімдері қазіргі хиджабтың дәл өзіне айналған. Ислам діні араб халқының перзенті, ардақты пайғамбарымызға (с.а.у) түскендіктен, алдымен өз еліне бірінші тарап, алғаш сонда амалдар жасала басталды.

    Аса Ұлы Алла Тағала әр нәрсені ғажайып даналықпен жаратқан. Әрбір пайдасы зор, дәрумені мол көкөніс, жеміс-жидекті түрлі қабықпен қаптаған. Мысалы, алма, банан қабығынсыз аз уақытта-ақ қарая бастаса, жүзімнің, қызанақтың жұп-жұқа қабығы болмаса, шырыны ағып, құндылығын жоғалтар еді. Сол сияқты, бір қолымен бесік, бір қолымен әлемді тербеткен әйел-ана да бүркенуге бұйырылған. Жаулық – әйел затының қабығы. Яғни, Аллаһ тіршіліктің негізі болған ұрпақты дүниеге әкелетін әйел-ананы да қабықпен қаптаған. Ұрпақ тәрбиесі аманат етілген әр әйел бір мектеп. Ал, әйел көркем мінез бен адамгершілік нәрін сіңірген болса, оның балалары да сол нәрмен сусындары сөзсіз. «Хиджаб» сөзі «жабылу», яғни ұятты жерлерін, зейнеттерін бөгде көздерден (ер адамдардан) сақтау, қорғау дегенді білдіріп, әйелдің Жаратушы Раббысына құлшылығының көрінісі, иманының жемісі болып табылады. Хиджаб – сыртқы зиянды факторлардан сақтайтын қорған. Соның бірі – назар. Аллаһ Елшісі бұл жөнінде: «Қабірдегілердің үштен бірі көз тию себебінен жатыр», – деген. Өйткені, көз тию бар нәрсе, одан қорғанудың бір жолы – шариғатқа сай киіну. Сондай-ақ, қасиетті Құранда: «Әй, Пайғамбар! Жұбайларыңа, қыздарыңа және мүмин әйелдерге айт: Үстеріне бүркеншектерін орансын. Бұл олардың танылуларына, сондай-ақ кейітілмеулеріне жақынырақ. Аллаһ аса Жарылқаушы, тым мейірімді» («Ахзап» сүресі, 59-аят). Тағы бір сүреде Аллаһ Тағала былай дейді: «Мүмін әйелдерге де айт: “(Бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ олардың өздігінен көрінгендері басқа. Және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Зейнеттерін керсетпесін. Бірақ, ерлеріне, әкелеріне, қайын аталарына, өз ұлдарына, өгей ұлдарына, аға-бауырларына, олардың ұлдарына, әпке-сіңлілерінің ұлдарына,мұсылман әйелдерге, қолдарындағы күңдеріне, әйел керек қылмайтын қызметшілерге, немесе әйелдердің ұятты жерлерін білмейтін балаларға көрсетулеріне болады. Және де көмескі зейнеттерін басқаларға білдіру үшін аяқтарын ұрып жүрмесін. Әй, мүміндер, түгел Аллаһқа тәубе қылыңдар! Әрине құтыларсыңдар» (Нұр, 31).

    Ал қазақтардың киімінің арабтардан өзгешелігі қос етектілігі мен бешпенті. Егер қос етекті алып тастар болсақ, қазіргі біздің ұзын юбкаларымыз болмай ма? Ал бөрік пен артқа тартылатын орамалға келсек, бөрікті балалық шағында кисе, тұрмысқа шыққанда сәукеле киілді. Оның да жаулығы бар. Ал артқа тартылатын орамал – әйел адам үйде жүргенде бөтен адам болмаған уақытта тағылған үлгісі. Ислам діні қазақ еліне де жетіп, мұсылмандықты қабылдаған ел кимешегін дәл парыз бен сүннет бойынша жасаған. Кимешек ақ матадан тігіліп, жиегі астарланады. Кимешектің иекті айнала, маңдайды жауып тұратын екі жағын шықшыт дейді. Кимешек жас ерекшелігіне қарай көркемделеді. Жасы егделенген әйелдердің кимешегінің ою-кестесі жеңіл, сары, ақ жіппен сырылады. Жас әйелдердің кимешегі қызыл, жасылмен әшекейленеді. Кимешектің алдын жақ деп атайды. Оны қол кестесімен кестелейді. Кимешектің шылауыш деп аталатын түрін жас келіншектер, орта жастағы әйелдер, әжелер де киеді. Кимешектің белден төмен түсіп, шашты жауып тұратын ұзын ұшы құйрықша деп аталады. Кимешек кеуде, иық, жонды жабатындай тұйық етіп жасалады. Тек адамның бет-әлпеті ашық тұратын жері ойық болады. Ойықтың екі жағы, кеудеге келер тұсы кестеленіп әшекейленеді. Жылтыр жіптермен бастырылып, сырыла тігіледі. Ал, ойықтың жиегін өңді жіппен шалып тігеді. Мұны алқым шалу дейді. Кимешектің кеудедегі бөлігінің ұшына күміс теңгелер тағылады. Бұл кимешекке сән береді, әрі төмен қарай басып, жазылып тұруға әсер етеді. Кимешек әйелдердің шашын шаң-тозаңнан сақтап, қобырап тұрмауына септігін тигізеді. Кимешекке күә бола тұра қазақтар қалай хиджаб кимеген деп айта аламыз? Тек оның басқаша дәстүрлі өз атауы болған. Құранда айтылған жердің барлығын жауып тұратын киім жай қиялдан туды деуге бола ма?

    Ғасырларды артқа қалдырып, жаңа замандар туды. Қос етек көйлек емес бір екекті көйлектер киеміз. Өйткені, қазіргі киім үлгісінің барлығы дерлік еуропадан ағылып жатыр. Еуропалық үлгі сән болғанда қос етек киіп жүрмейтініміз анық. Қазақтың киімі емес деген пікірді ұстанушылардың өздері қазақтың киімін киіп жүр ме? Үстіміздегінің барлығы басқа ұлттардың ұсынған сән үлгілері.Тіпті қазіргі әжелеріміз де қос етекті емес жай етекті көйлектер киеді. Ал енді қыздарымыз жай ұзын етекті көйлек кисе бұл біздің киім емес деуге бола ма? Апалар бір етекті көйлек кигенде қыздар қос етек киіп жүрмек пе? Дәстүрдің озығы да бар, тозығы да бар. Ал бұрынғы кимешек тек орамал түрінде қалды. Яғни толық жыбылуға лайықты бұрынғы қазақтың ұлттық киімі тек арнайы мерекелерде киіліп, күнделікті өмірдегі түрі қарапайым ұзын көйлек пен жаулыққа ауысты. Қарапайым ғана келген араб киіміне ұқсап қалғандықтан халық тереңге үңілместен араб киімі деп ат құйрығын кесе салуы да мүмкін. Осы толықтай жабылатын киімге хиджаб атауы берілген. Алайда бұл сөзді естігіндердің төбе шаштары тік тұрады. Аты ғана болмаса, заты жабық қалпында қалды емес пе?  

    Имам Абу Дауд Айшадан (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Пайғамбарымы-дың (с.ғ.с.) қасына анамыз Әсма бинти Әбу Бәкір жұқа киіммен кіріп келді. Расулулла (с.ғ.с.) оған қарап: «Әй, Әсма! Әйел балиғат жасына жеткен күннен бастап мынау және мынадан басқа жерлері көрінбеуі керек», - деп беті мен екі қолын (білезігіне дейін) және екі аяғын (тобығына дейін) нұсқады» - деп айтылған.

    Құран мен хадисте жабылу туралы нақты дәлелдер бола тұра шу көтеру артық емес пе? Құранда Алла Тағала әлемдегі болып жатқан жағдаяттарды, кейбір мәселелерді ой таразысынан өткізуге рұқсат беріп, «Ойланбайсыңдар ма? Ақылға салмайсыңдар ма?» деп мұсылмандарды ойлануға шақырады. 

 

Ақерке БЕКҚҰЛОВА,

«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (2)

Оқи отырыңыз: