Шайтан – адам баласының көзіне көрінбейтін жаратылыс, оның мақсаты мүмкін болар күллі зұлымдық атаулыны жасау болып табылады. Ол жалындаған оттан жаратылған. Шайтан мүміннің ең басты әрі ең үлкен дұшпаны болып табылады, сол себепті онымен күрес адам баласының ақтық демі таусылғанша жалғасады.
Осындай күрес кезінде шайтан мүмкін болар қулық-сұмдықтың бәрін қолданатын болады. Шайтан ешқашан жұмыр басты пендеге өзінің шынайы түрін көрсетпейді әрі: «Мен – шайтанмын, сенің Тозаққа түсуің үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын», - деп айтпайды.
Мұның орнына ол жасырын түрде адамды айдап салып отырады. Шайтанның сыбырлауынан, айдап салуынан хабарсыз адам – мұның бәрін өз басында туындап жатқан ойлар деп санайтын болады әрі шайтан адамды бұл ойлардың дұрыстығына сендіруге мәжбүрлейді. Осылайша, адам баласы шайтанның толық бақылауына өтіп кеткенін білмей де қалады. Алайда адамның жүрегін мөрлеп, айтқанын істетіп алдына салып айдап салушы дұшпанды Құранмен залалсыздандыруға болады. Осы арада айта кету керек, мүміннің өзіне тән нұры мен зеректігі бар, осы қасиеттердің арқасында ол «сыбырлаудың, дауыстың» ар-ұжданнан болғанын не болмаса шайтанның дауысы екенін ажыратып білетін болады. Мүмін өзін шайтанның көздеген мақсатына айналғанын сезген сәттен бастап, Алла Тағалаға сиынып, Оның панасын іздеп, Алланы көп есіне алатын болады. Алланы еске алатындарға шайтан ештеме істей алмайды. Бұл маңызды құпия жөнінде Алла Тағала Құранда былай айтқан: «Егер шайтаннан саған бір түрткі болса, сонда Аллаға сиын. Өйткені Ол, толық естуші, өте білуші.
Тақуаларға шайтан тарапынан бір сыбыс тисе, олар Алланы еске алады да қырағылық істейді» (7:200-201). Бұл фәни дүние адам баласы үшін сынақ болып табылатындықтан, күнделікті тірлікте біз түрлі жағдайлармен жүзбе-жүз кездесіп жатамыз. Қандай жағдай болмасын, шайтан адамды үнемі торауылдап жүреді. Мүміннің кез-келген шалыс басқан қадамы - шайтан үшін зор мүмкіндік болып табылады әрі ол осындай мүмкіндіктерді қалт жібермей өз пайдасына қолданады. Егер мүмін жан тыныштығынан айырылса, онда бір сәтке болсын тоқтап, өткен-кеткеніне ой жүгіртуі керек, өзіне сырт көзбен қарап, мына бір сұрақтарды қоюы тиіс: «Басыма келіп жатқан ойлар легі Құранға сәйкес келе ме? Алла Тағаланы еске алуда, Құранда айтылғандарды жасауда салғырттық танытып жүрген жоқпын ба? Менің жоспарларым Алла разылығына қол жеткізуге арналды ма? Өзімнің бас пайдам немесе өзге мұсылмандардың мүддесі маңызды ма? Өзіме немесе өзге мұсылмандарға қатысты күмән мен күдік туындай ма? Келешек туралы ойланғанда үрейге берілемін бе? Алланың, Исламның жауларына қатысты сүйіспеншілік сезімі туындай ма? Құран оқуда, дұға жасауда немесе кез-келген жақсы амалдарды жасауда болмашы себептерге байланысты кейінге қалдырамын ба?
Егер жүректе пайда болған мазасыздықтың себебі жоғарыда аталып өткендердің бірі болып табылса, онда адам баласының шайтанның арбауына түскені. Тек Қасиетті Құранның көмегімен ғана біз шайтанның құрған тұзағынан құтыла аламыз, өйткені Құранда Алла Тағала адамдарды хақ жолдан тайдыру үшін шайтанның құратын тактикасы, тұзағы жөнінде және одан қалай қорғанудың жолдарын толықтай айтып көрсеткен.
asyldin.kz