«Рамазан айында белгілі бір себептермен оразасы қаза болған адамдар, сол қазасын өтемей тұрып, Шәууәл айының алты күн қосымша оразасын ұстай бере ме?» - деген сауалды жиі естіп жүреміз.
Егер кімде-кімнің әлдебір себептермен Рамазан айының парыз оразасында қаза күндері болса, онда ол алдымен сол қаза болған күндерін өтеп, тек одан кейін ғана Шәууәл айының қосымша оразасын ұстауына болады. Алла разылығы үшін жасалатын амалдардың сауабы да, сыйы да тек Жаратушы Жалғыз Аллаға ғана аян. Егер адам баласы тек Алла Тағалаға ғана бойұсынып, сыйды тек Одан ғана іздейтін бола, онда әлгі адамның сыйы оны мүлтіксіз табады. Қасиетті Құранда Алла Тағала былай айтқан: «Иман келтіріп, дұрыс іс істегендердің және жақсы амал істеген кісінің еңбегін жоймаймыз» (18:30).
Шәууәл айының алты күн қосымша оразасын жыл сайын ұстау керек пе? Егер кімде-кім жыл сайын үзбей Шәууәл айының оразасын ұстап жүріп, бір жылы денсаулығына не болмаса басқа да себептерге байланысты ұстай алмай қалса, сол кісіге күнә жазыла ма? Бұл екі сауалдың сұрағына бір-ақ жауап беруге болады – Шәууәл айының алты күн оразасы қосымша ораза болып табылатындықтан, мұсылман әлдебір себептермен аталмыш оразаны ұстай алмай қалса оған күнә жазылмайды әрі қосымша оразаны әрбір адам өзінің денсаулығына, мүмкіндігіне қарап ұстауы қажет.
asyldin.kz