Бүгін күллі мұсылман үшін ұлық мереке Ораза айтта Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінде айт намазы оқылды. Таңмен таласа құлшылыққа асыққан халықтың үлкені мен кішісі қатар тұрып сап түзеп, имамға ұйып екі рәкәғат Ораза айт намазын оқып, дұға-тілектерін айтты.
Ұлық мерекенің ұлтымыз үшін жыл санап қадірі артып келе жатқандығы көңілге мол қуаныш ұялатады. Ауданға қарасты барлық мешіттерімізде таң білінер-білінбестен мешітке ағылған халықтың қарасы биыл тіптен көп болды. Ораза айт намазын оқу үшін мешітке келген жамағаттың көптігі соншалық, құлшылық ордасының атшаптырым ауласында иін тірескен жұрттың арасынан ине шаншар орын табылмады.
Жиналған жамағатқа Меркі ауданының бас имамы Азамат Берікұлы Ораза айттың қадір-қасиеті мен осы күні атқарылатын салихалы амалдар жайлы танымдық уағыз-насихат айтып, жиналған жамағатты қасиетті мейраммен құттықтады. Екі рәкәғат айт намазы оқылғаннан кейін, арнаулы Ораза айт құтпасы оқылып, құтпа соңынан елімізге амандық, халқымызға бақ-береке, Отанымызға тыныштық, азаматтарымызға екі дүниенің жақсылығын тілеп дұға жасады.
Сонымен қатар, бас имам Азамат Берікұлының тапсырмасымен Рамазан айында жасы келседе тарауық намазын бірде-бір рет жібермеген ақсақалдарымызға құрмет көрсетіліп сыйлықтар табысталды. Ауданымызға арнайы шақыртумен келген Махмуджан қариымызға сый-құрмет көрсетілді.
Мешіттің ауласына Рамазан айының құрметіне арнайы айттық дастарқаны жайылып, балаларға базарлық балмұздақ пен тәтті мақта таратылып, үлкендер арасында 70 келілік қой көтеруден жарыс ұйымдастырылып, жеңген адам қойды ұтып алып, айт мерекесі жоғары дәрежеде аталып өтті.
Ауданға қарасты барлық мешіттерімізде Ораза айт намазы оқылып, елімізге, жерімізге дұға жасалды.
Осылайша, қасиетті Рамазан айына орай ұсталатын бір айлық парыз ораза аяқталып, халқымыз үшін қасиетті Ораза айт мейрамы басталды.
Қасиетті Рамазан айынан кейін келген ұлық мереке - Ораза Айт баршамыз үшін құтты болсын! Туған Отанымыз - Қазақстанымыз бейбітшілік пен татулықтың құшағында өсіп-өркендеп, ана тіліміздің мәртебесі арта берсін, ислам діні қанатын кеңге жая берсін! Қазақстандағы әрбір шаңырақтың құт-берекесі молая түссін!
Айт құтты болсын, ағайын!
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі



01 Мамыр 2026
14 Зуль-каада 1447

