Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты мешіттерде Ораза айт күні айт намазынан кейін жас бүлдіршіндерге айттық сыйлықтары таратылды. Асыл дініміз ислам бейбітшілік, махаббат пен мейірім діні. Адамзатқа сүйіспеншілік тарату оның ажырамас бөлігі, ал сыйлық соның құралы.
Əр ісі даналыққа толы сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сыйлыққа үлкен мəн берген. Көптеген хадистерінде сыйлық тарту ету адамдардың бір-біріне деген сыйластығын, татулығын, өзара сүйіспеншілігін арттыратындығы баяндалады: «Бір-біріңізге сыйлық беріңіздер! Өйткені сыйлық сүйіспеншілікті арттырады, жүректі кірбіңнен тазартады» дейді бірінде.
Байқасақ, сыйлық беру, сыйласудың астарында бір-бірінің үйіне бас сұғу, зиярат ету, қал-жағдай сұрасу, көңілін аулау, қуанышына ортақтасу, тілектестік, ниеттестік, қуанғанына қуану, көңілдегі кірбіңді шаю, арада болған дүрдараздықтарды ұмыту, татуласу секілді бірнеше ізгі амалдар жатқанын көреміз. Ал бұл өз кезегінде адамдар арасында сүйіспеншілік пен бауырластыққа, жақындыққа жол ашатыны сөзсіз.
Қуаныш Түзелбеков
Рысқұлов аудандық мешіт баспасөз қызметі