Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
- «Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жол басшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай» («Бақара» сүресі)
Бүкіл әлемнің Раббысы Ұлы Алла Тағала адамзатты жаратып қана қоймай, өмір сүру тәртібін үйретіп, жаннатқа жетудің жолын көрсетті. Тіпті барша пенде үшін өз мейірімі мен кешірімін молынан төккен ұлық түндермен, тақуалыққа тәрбиелейтін құрметті айды да сый етті. Мұсылман үмбеті бұл айды сарыла күтіп, сағына қарсы алады. Ол – он екі айдың сұлтаны, киелілердің киесі, кешірім айы, қайырлылардың қайырлысы, хижра күнтізбесінің тоғызыншы айы — Рамазан. Сондықтан, Хақ Елшісінің тілінде мына бір дұға әрдайым қайталанатын да тұратын: «Уа, ұлы Құдірет! Бізді қасиетті Рамазан айына жеткізе гөр!». Рамадан сөзі «күйдіру, өте ыстық» дегенді, яғни өткен күнәларды күйдіріп, өшіруші деген мағынаны білдіреді. Рамазан – қасиетті Құран Кәрімнің түскен мүбәрак айы. Шайтандардың кісенделіп, сауаптар мен жасалған күнәлардың еселенетін, ізгіліктердің молынан жасалатын тақуалық айы. Пайғамбарымыздың Мұхаммед (с.ғ.с.): «Рамазан айы келгенде, жәннаттың есіктері айқара ашылып, тозақтың есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді» деуі бұл айда шайтан атаулының көксегеніне жете алмай дымы құритынын білдіреді. Адам өз нәпсісімен оңаша қалып, бұл айда нәпсіні тәрбиелемекке үлкен жағдай жасалып отыр.
Рамазан айында мұсылмандарға ораза ұстау парыз. Бұл туралы Құран кәрімнің «Бақара» сүресінде: «…Рамазан айы туғанын көрген адам бірден ораза ұстайтын болсын. Егер біреулер ауру болып, әйтпесе жол сапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтесін. Алла сендерге жеңілдік болуын қалайды, ауырлық түсіргісі келмейді. (Ауыздарың ашық кездің қазасын өтеп), ораза күнінің санын толтырыңдар. Сендерді тура жолға бастаған Алланы мадақтаңдар. Оған шүкіршілік етіңдер», – делінген («Бақара» сүресі, 185-аят).
Ораза ғибадаты мұсылман үмбетіне парыз болғандай бізге дейінгі үмбеттерге де парыз етілген. Бұл туралы «Бақара» сүресінің 183-аятында айтылған: «Ей, иман келтіргендер! Тақуалықтан үміттерің болса, өздеріңнен бұрынғыларға ораза ұстау парыз етілгені сияқты, сендерге де ораза ұстау парыз етілді» дейді. «Алланың бұйрығын орындамай, Рамазан күндерін себепсіз ораза тұтпай өткізсе бола береді» деген адам күпірлік келтірген болады. Ол айда Алланың рахметі, қайыр-берекесі жауады. Рахмет періштелері түседі. Пенделердің тұтқан оразалары мен ізгі амалдарының сауаптары еселеп беріледі. Мүбәрәк айдың құрметіне тозақ есіктері жабылады. Ораза тұтып, ғибадат еткен адамдар тозақтан құтылады. Рамазан айының ішіндегі күнделікті оразамыздың уақыты (яғни сәресі мен ауызашар арасы) жайлы Құран Кәрімде: «Таңнан, ақ жіп қара жіптен ажыратылған кезге дейін, жеп-іше беріңдер. Сонан кешке дейін оразаны кемшіліксіз тұтыңдар» («Бақара» сүресі, 187-аят).
Ораза тек тамақты ішіп-жеуден тыйылу емес. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл турасында: «Кімде-кім ауыз бекіте тұра өтірік айтуын қоймаса, әрі алаяқтық істеуін доғармаса, оның ішіп-жеуден ғана тыйылғаны Алла Тағалаға қажет емес» – дейді. Ораза тұтқан адам асқазанын күн батқанша аш ұстап, жүректі туралыққа тәрбиелеп, көзді харамнан тыйып, сөзге үлкен мән беріп, ғайбаттан сақтанып, күнә жасаудан аулақ болуға тырысады. Міне, мұның өзі нәпсіні тәрбиелеу. Саһлдан (р.а.) риуаят етілген хадисте: «Пайғамбар (с.ғ.с.) айтты: «Жәннаттың бір есігі «Раййан» деп аталады. Қиямет күні ол есіктен ораза ұстағандар кіреді. Олардан басқа ешкім кірмейді. «Ораза ұстағандар қайда?», – деп сұрағанда, олар ол есіктен кіреді. Олардың соңғысы кірсе, ол есік жабылады. Одан басқа ешкім кірмейді», – деген. Алла Тағала: «Егер, білсеңдер, ораза тұтуларың өздерің үшін (төлем беруден немесе кешірімді ораза ұстаудан гөрі) жақсырақ» («Бақара» сүресі, 184-аят) дейді. «Кімде-кім Рамазан айының бір күн оразасын орынды себепсіз және ауырмастан бұзатын болса, ол сол күнді, өмір бойы ораза тұтып шықса да, өтей алмайды» (әл-Бухари 4/160). Бұл айда көп құлшылық жасап, ауыз ашқан сәтте шүкірлік ететін пенде Алланы жақсырақ таниды. Мұсылмандар мен бауырлардың қарым-қатынасы арта түсіп, сауапты ауыз ашарлар жасалады. Туыстың да, көрші мен достың да басын біріктіретін берекесі мол ауыз ашардан соң, 20 ракат «Тарауих»намазы оқылып, Құран қатым етіледі. Періштелердің де адамдардың да ортақ мерекесі отыз күнге созылғанымен отыз сағаттай зымырап өте шығады.
Бұл айда түндердің сұлтаны Құран түсірілген қасиетті «Қадір түні» жасырылған. «Қадір» сүресінде: «Анығында, Бiз (Құранды) Қадiр түнi түсiрдiк. Қадiр түнi не екенiн бiлесiң бе? Қадiр түнi – (игiлiктегi) мың айдан артық. Сол түнде Алланың әмiрiмен барлық iстi реттеу үшiн (аспаннан) перiштелер және Жәбiрейiл түседi. Бұл түнде таң атқанша (Алла тағаланың) «есендігі» жалғасады», – делiнген.
Сауапқа толы күндер мен шуақты түндерден соң барша мұсылманның айтулы мерекесі «Рамазан айт» келіп, жамағатты тағы бір дастарханға жинайды.
Үлкен нығметі бар айды босқа жіберіп, күнәларды еселеп алудан аулақ болайық.
Алла Тағаланың төккен ықыласы мен ризығына шомылған бұл ай баршамызға берекелі болсын! Қиямет күні нұрланып Раббысына қарайтын жүздерден болып, Фирдаус жаннаттының тұрғындары болуды баршамызға нәсіп болсын!
Данияр ЖҰМАБАЕВ,
Жамбыл облысы «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы