Алланың разылығын көздеп Рамазан айында ораза тұтқан адамға ауызашар беру асыл дініміздегі сауапты іс. Раббымыздың өзі ғана белгілейтін сый үшін ауыз бекіткендердің алғысын алу алып, сауапқа кеңелу үшін ата-бабаларымыз ауызашар беруді дәстүрге айналдырған. Бұны сүннетпен сусындағанның себебі деп білеміз.
Шу ауданына қарасты мешіттерде ауызашар дастарханы күнде жайылуда. Сонымен қатар жергілікті имамдар жиналған қауымға уағыз айтып, имандарын күшейтуге барын салып жатыр. Солар жайлы жазып өтсек...
Көп ұлтты Қонаев ауылындағы мешітте жамағатқа ауызашар берілді. 40 мың теңге жұмсалған қаражатқа қажетті тағамдар алынып, ысырапсыз дәм жасалды.
Сондай-ақ Жаңажол ауылындағы «Күнту баба» мешітін де жамағат ауыз ашты. 60 адам қатысқан ауызашар аста-төк дастархансыз өтті. Ауызашар барысында «Кәрібай молда» мешітінің имамы Нұрлан Қалиев уағыз айтып, жаңажолдықтарды жақсылыққа шақырды.
Сонымен қатар араға алтын көпір орнатып, бұрыннан бар ынтымақты одан сайын арттыру мақсатындағы ауызашар Жиенбет ауылындағы «Жиенбет Жексенбай» мешітінде болды. Мұнда мешіт имамы Шүкірәл Бердібеков іргелес жатқан Мойынқұм мен Жиенбет ауылының тұрғындарының басын бір дастарханда қосып, оларға елдің ынтымағы ең асыл қазына екендігін айтып, насихат айтты.
Шу аудандық «Жәми» мешітінің баспасөз қызметі