Тазалық иманның жартысы. Исламда тазалыққа баса мән берілген. Осы орайда, Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің бас имамы Азамат Берікұлының бастауымен ауданға қарасты барлық мешіт айналасы тазартылып, сенбілік ұйымдастырылды.
Қасиетті Құранда Кәрімде: «Алланың мешіттерін шынымен Аллаға және ақырет күніне сенген, намазды толық өтеген, зекет берген, тек қана Алладан қорыққан адамдар ғана ұстайды. Міне, солардың тура жол табушылардан болуы үміт етіледі» («Тәубе» сүресі, 18-аят), - делінеді.
«Мешіт айналасы таза, көркем, әдемі болуы тиіс. Біз мешіт маңының тазалығын басты назарда ұстаймыз. Тазалық жұмыстары үздіксіз жүріліп тұратын болады», - деді бас имам.
Орталық мешіт айналасына қара топырақ төгіліп, гүл шоқтары егу үшін әзірленді. Сонымен қоса мешіт айналасындағы жер тегістеліп, көлік тұрағы үшін дайындалды. Мешіт айналасы толық тазаланып, сенбілік жұмыстары жүргізілді.
Мешіт ауласын тазалау үшін, уақыт тауып келген, жүректері иманға толы жандарға Алла Тағала екі дүние жақсылығын нәсіп етсін дегіміз келеді.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі