Рысқұлов ауданы Тереңөзек ауылының мәдениет үйінде қазіргі уақыттағы актуалды тақырыптың бірі «Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі» атты тақырыпта ауыл тұрғындарымен кездесу болды. Тақырып төңірегінде «Таңат ата» мешітінің имамы Дадабаев Тілеужан баяндама жасады.
Тілеужан имам баяндамасында: «Отбасының ұйытқысы, берекесі, мейір – шапағат көзі – әке. «Жақсыдан жаман туады, бір аяқ асқа алғысыз, Жаманнан жақсы туады, адам айтса нанғысыз» дейді халқымыз, яғни, әр шаңырақта әкенің алар орны ерекше. Әке – отбасының асыраушысы, отбасы мүшелерінің тірегі, қамқоршысы. Баланың көз алдындағы үлгі - өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы - әкенің мінез – құлқы, өзгелермен қарым – қатынасы, өнері мен білімі. Отбасының пейіл – береке, ынтымағы үшін отағасының әділ, ұстамды болуы орасан маңызға ие. Оның тәрбиелік рөлі де зор. «Әке – асқар тау», «Әке – балаға сыншы» - дейді халқымыз.
Әке тәрбиесін, әкенің орнын ешкім де баса алмасы анық. Ер бала мен қыз тәрбиесінің өзіндік ерекшеліктері бар. Ер бала әкесімен сырлас, жолдас, дос. Ол әрқашан бір әрекет жасау үшін әуелі әкесімен сырласады. Ер баланың өсіп, жетіліп, өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуына, қоғамдағы өз орнын дұрыс табуына әкенің атқарар еңбегі ерекше. Қазақ халқында «Бір бала бар – атадан өте туады, бір бала бар – кері кете туады» деген тұжырымға, баланың қандай болмағына негіз қалайтын да әкенің өзі», -деп баса айтты.
Қуаныш Түзелбеков
Рысқұлов аудандық мешіт баспасөз қызметі