Біз «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деп, аналарды ардақтаған халықпыз. Аналарға құрмет көрсету, әйелдерге қамқор болу – дінімізде насихатталып, салтымызда сақталып, санамызға сіңдірілген қасиет.
Қасиетті Рамазан айының оразасына орай, аналардың көңілін көтеріп, бір марқайту мақсатында «Құлбай баба» мешітінің имамы Амангелді Ембергеновтің отбасында қала тұрғындары арасындағы, ауыз бекітіп, ораза ұстап жүрген әйелдер қауымына ауызашар дастарханы жайылып, «Рамазан айы мүбәрәк болсын!» деп аталатын сыйлық табысталды.
Атап айтқанда, қарт апалар мен аналарға және одан бөлек жас келіншектерге де сыйлық тарту етілді. Имам аналарды ардақтаудың үлгісін көрсетіп қана қоймай, ананы қадірлеудің, құрмет көрсетудің маңыздылығы жайлы уағыз-насихат айтты. Және ардақты аналардың дендеріне саулық пен күш-қуат тіледі. Өз кезегінде ақ жаулықты аналар имамға шексіз алғыс айтып бата берді.
Тараз қаласы «Құлбай баба» мешітінің баспасөз қызметі