Адам баласы қамшының сабындай қысқа өмірде жақсылық жасауы керек. Раббысының разылығына жетем деген жан ұдайы қайырымдылық жасап, қолдағымен бөліскені жөн. Ол үшін көптеген сауаптар жазылып, дертке шипа, ризыққа береке беріледі. Бұл туралы асыл дінімізде айшықтап жазылған. Ал, 12 айдың төресі болған Рамазанда жасалған қайыр-садақалар 700 есеге дейін артатыны туралы Алла елшісінің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде айтылған.
Осыған амал еткен Шу аудандық «Жәми» мешіті де көпке үлгі боларлық істі ұйымдастырды. Апта басында өткен шараға «Рамазан қоржыны» деген ат беріліп, әлеуметтік осал топтағы 30 отбасыға бірінші қажет болатын азық-түлік түрлері мен тағам қоспалары берілді.
Аталмыш акцияда Шу ауданының бас имамы Бахтияр Амантайұлы сөз алып, оразаның артықшылығы, абзал болған амалдар туралы қысқаша тоқталып, мешіт ауласына жиналған жандарға «Рамазан қоржынын» үлестірді.
Шу аудандық «Жәми» мешітінің баспасөз қызметі