Асыл дінімізде алкогольді ішімдіктер ішуге тыйым салынған. Өйткені кемшілік атаулыдан пәк Алла ол туралы Құранда қатаң ескертіп, харам деген. Алайда адамзат баласы оны ұдайы тұтынып, тыйымға құлақ аспай келеді.
Рамазан- барша мұсылман қауымына қуаныш, шаттық, мүмкіндік сыйлайтын Алла Тағала рахымы. Күллі адам кемшілік сипатына ие. Осыдан құтылып, тәубе етіп тазаруға Ораза айы таптырмас мезгіл. Әсіресе аты жаман, заты жаман судан мүлдем бас тартуға өте ыңғайлы.
Таяуда Шу ауданындағы бірқатар мешіт имамдары мен алқа мүшелері төңірегіндегі дүкендерге кіріп Рамазан айында ішімдікті сатуды доғара тұруды сұраған болатын.
Мәселен, Шу ауданы Бәйдібек ауылдық мешіттің имамы Бақытжан Дүйсебаев осындай өтінішпен дүкен ұстаушыларға қайырылса, Белбасар ауылындағы мешіт имамы Бақыт Тілемісов бастаған топ алкогольді сусындардың зардабы мен ораза уақытындағы пайдаланудың күнәсі туралы түсіндіріп ай бойы аялдауды қолқалаған.
Шу аудандық "Жәми" мешітінің баспасөз қызметі