Қордай аудандық "Қордай" мешітінде айлардың сұлтаны болып саналатын қасиетті Рамазан айының алғашқы тарауық намазы оқылды.
Құптан намазы алдында ауданның бас имамы Асқар Зәкіржанұлы Рамазан айы жайлы, ораза, тарауық намазы, Құран хатым жасау туралы уағыз айтып, қасиетті айда 30 күн бойы Құран хатымын түсіретін қарилармен таныстырды. Құран қарилар дайындау орталығының шәкірттерін рамазан айында хатым жасауға арнайы шақырғанын тілге тиек етті.
Мешітке келген жамағатты лайықты түрде күтіп алу үшін мешіт қызметкерлері де бар ынта жігерімен дайындық жұмыстарын жүргізіп, алғашқы күннен бастап Рамазан айына деген әзірліктің жоғары деңгейде екенін көрсетті.
Жыл айналып мұсылман қауымы тағаттарын тауыса күткен Рамазан айы келді. Құран түскен қасиетті айда тозақ есіктері жабылып, құлшылық қылған қауымның тілектері қабыл болады. Жаратқан Иеміз Рамазан айында мұсылман қауымына ауыз бекітуді міндет еткен. Алланың разылығы үшін бес парыздың біріне жататын оразаны өтеген адамның шексіз мейірімге бөленері хақ. Сонымен бірге оразаның отыз түні Тарауих намаз оқумен өтеді.
Алла бұл Рамазанды Өзіне ұнайтындай болуын нәсіп етсін!
Қордай аудандық мешітінің баспасөз қызметі