Кез келген маңызды іс дайындықты талап етеді. Мұсылман адам Құран түсірілген, күналардың кешірілуіне себепші болатын, жаннат есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылатын, шайтандар кісенделетін, жылына бір мәрте ғана келетін Рамазан атты ұлық айдың келуіне үлкен дайындықпен қадам басқан жөн. Рамазан біздерге жылына бір мәрте келетін қонақ іспеттес. Егер біз оны құрметпен қарсы алсақ, қияметте құрметке бөленуімізге себепші болады. Қасиетті айдың әр уақытын бағалап, дұрыс әрі жақсылық амалдарға толы етіп өткізуіміз үшін қажетті бірнеше әдептерді ескергеніміз дұрыс.
Осы мақсатта Қордай аудандық мешіті өңірде үлкен дайындық жұмыстарын жүргізген болатын. Рамазан айының алдында аудан басшыларына, құрметті азаматтарға, белсенді жамағатқа Қордай ауданының бас имамы Асқар Зәкіржанұлының құттықтау хаттары жіберілді.
Сонымен қатар аудан орталығындағы және ауылдардағы көшелерге құттықтау, Рамазан жайлы ақпарат беруге арналған баннерлер ілінді. Мұндай көрнекіліктер көпшілікке Рамазан айы мерекесінің келгенінен әсер берді.
Қордай аудандық мешітінің баспасөз қызметі