Биыл карантиндік шектеулерден соң қайта орталық "Һибатулла Тарази" мешіт-медресесінде ауызашар беріліп бастады. Көпшілікпен берекелі дастарханда, дұға жасап, бірге ауыз ашуды сағынысып қалған жамағат ауызбіршіліктің нышанын көрсетуде.
Пандемия уақытында ауызашарлар онлайн ұйымдастырылып, үйді-үйге жеткізілетін. 2 жылдық үзілістен соң көпшілікті бір дастархан басына жинаған ауызашарға орталық мешіттің бірінші наиб имамы Нұралы Бақытұлы мен "Һибатулла Тарази" медресе-колледжінің директоры Сакен Сейдикаримов қатысып, "Рамазанның қадір-қасиеті жайлы" уағыз-насихат айтты. Ауызашардан соң игі жандардың көмегімен 100 адамға Рамазан қоржыны таратылды.
Көпшілік "Ас адамның арқауы, тарауих оның тарқауы" деген нақыл сөзге ақыл түріп, жиын соңында ауызашар беруші жандарға алғыстарын білдіріп, құран бағыштап, бір сапқа тарауық намазына тұрды.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі