#Меркі ауданы: Имамдарға арналған семинар өтті

#Меркі ауданы: Имамдарға арналған семинар өтті

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Меркі ауданы, орталық «Меркі ата» мешітінің бас имамы Азамат Берікұлының ұйымдастыруымен ауданға қарасты барлық дін қызметкерлері арасында «Ырыс алды - ынтымақ» айы аясында семинар өтті. Жиынның мақсаты қоғам арасындағы тыныштық, бейбітшілік пен ынтымақтастықты сақтау.

Бас қосуда сөз сөйлеген бас имам Азамат Берікұлы: «Асыл дініміздің де көп тоқталатын тақырыптарының бірі – осы ауызбіршілік ұғымы. Бірлік бар жерде бауырластық, тыныштық, молшылық, береке және Алланың рақымы болатыны сөзсіз. Жаратушы Алла Тағала «Әли Имран» сүресінің 103-аятында: «Алла тартқан желіден (діннен) бекем ұстап, бөлінбеңдер. Алланың өздеріңе жасаған рақымын еске алыңдар. Сендер өзара жау едіңдер, ол сендердің жүректеріңді жақындатты. Соның рақымымен табысып, туыстастыңдар. Сендер тозақ апатының жиегінде тұр едіңдер, Алла сендерді одан да құтқарды. Алланың аяттары, міне, осы жайды баяндайды. Мүмкін, осыған ой жіберіп, тура жолға түсерсіңдер», – дейді. Осы сүренің 105-аятында: «Айқын дәлелдер келген соң жікке бөлініп, алауыздық туғызатындар болса, олар ауыр азапқа душар болады», – деп ерекше ескертеді.

Қандай қоғам болмасын ынтымақ-бірліктің арқасында ғана өркендеп, адамдар бір-біріне бауырдай қараған кезде ғана мамыражай заман орнамақ. Сол себепті ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылман мұсылман үшін бір-бірін бекем ұстап тұрған ғимарат тәрізді», – десе, келесі бір хадисінде: «Мүміндер бір-біріне сүйіспеншілік, мейірімділік және жанашырлық танытуда біртұтас дене іспетті. (Адамның) бір жері ауырса, ұйқысы қашып, ыстығы көтеріліп, бүкіл денесі ауырған жерінің мұңына ортақтасады», – дейді. Хәкім Абайдың да «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең – істің бәрі бос» деп асқан жанашырлықпен халқына үн қатуы да халқын ауызбіршілікке шақыруы болатын», - деп сөзін аяқтады.

Жиын барысында имам-молдалар өз ойларын айтып, ұсыныстарын жеткізді. Жиын соңында имам-молдаларға халықпен тығыз байланыста болу керек екендігін, мешіттердегі қызметтеріне мұқият, жіті қарау керек екендігін тапсырды.

Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: