Меркі ауданы, орталық «Меркі ата» мешітінің бас имамы Азамат Берікұлы қасиетті жұма күні намазға жиналған жамағатқа қасиетті «Миғраж түні» туралы уағыз айтты.
Азамат Берікұлы: «Исра және Миғраж түні ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккедегі әл-Харам мешітінен Құдыстағы (Иерусалим) әл-Ақса мешітіне исра (яғни түнгі сапар) жасады. Одан миғражға, яғни жеті қат көкке көтеріліп, дүниеден өткен барлық пайғамбарлармен кездесіп, үнемі құлшылықта жүретін періштелермен жолықты. Құдіретті Жаратушымыздың түрлі белгілерін көріп, бес уақыт намаз осы түнде парыз етілді. Бұл оқиға ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдина қаласына һижрет етуінен он сегіз ай бұрын болды. Сол түні ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мынадай үш сый жасалды:
- Бес уақыт намаз парыз етілді;
- «Бақара» сүресінің соңғы екі аяты (Әмәнәр-расулу) уахи етілді;
- Үмметінен Алла Тағалаға ешбір ортақ қоспай үлкен күнә жасамағандар үшін кешірім жасалды», - деп, миғраж уақиғасын жан-жақты түсіндіріп берді.
Уағыздан соң жұма намазы оқылып, ел-жұртымызға дұға жасалды.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі