Алдынғы жарияланымда Шу ауданына белгілі ұстаз, РАНТ мүшесі Ғазиз Ахмет келгенін сүйіншілегенбіз. Семинардан соң ұстаз Шу ауданы «Төле би» мешітінің бесін уағызына жиналған жамағатқа мұсылманның абыройы мен беделі туралы насихат жасап, тақырып турасында толғанды.
Насихаттан бұрын осы мешіттің бас имамы Талғат Кәрібайұлы келген мейманды жамағатқа таныстырып, толғандырған сұрақтарын қойып, діни білімн байытып алуға мүмкіндік бар екенін ескертті. Белгілі себептермен мешітке келе алмағандар үшін әлеуметтік желідегі мешіттің парақшасы арқылы тікелей эфир таратылды.
Уағызды жүзбе жүз тыңдаушылар көкейдегі сауалдарын жолдап, Ғазиз ұстаздан ғибратты жауаптарын алды.
Білікті маман сонымен қатар «Жәми» мешітінде болып, шам мен құптан намазы арасында уағыз айтты. Белгілі ұстазды ауданның бас имамы Бахтияр Амантайұлы таныстырып, мейманға арнайы атбасын бұрғаны үшін алғысын білдірді.
Намазға жиналған жамағатқа «Намаз діннің тірегі» тақырыбында уағыз айтылды. Мешітке келуге мүмкіндігі болмаған жан үшін әлеуметтік желі әлеуетімен тікелей эфирде таратылды. Уағыз соңында аудитория сауалдарын білдіріп, білікті маманнан жауап алды.
Шу аудандық «Жәми» мешітінің баспасөз қызметі