Меркі ауданындағы №9 Меркі колледжінің мәжіліс залында студенттерге «Деструктивті діни идеялардың алдын алу және Қазақстандық патриотизмді жастардың санасына жеткізудің өзектілігі» атты семинар өтті.
Басқосуға Меркі ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бас маманы А.С.Мамбетов, Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің бас имамы Азамат Берікұлы және ұстаздар мен студенттер қатысты.
Іс-шара барысында Азамат Берікұлы «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының Рухани Тұғырнамасы тәлімдік құжатына тоқталып: «Тұғырнама мұсылманның тұлабойында табылуы тиіс негізгі жеті көркем сипатты қамтиды. Атап айтқанда, имандылық, отаншыл болу, білім алу, бірлікке болысу, еңбекқорлық, мәдениетті болу және әділдік принципін ұстану. Бұл – адам баласының кісілік келбетін, көркем мінезін қалыптастыруға негіз болатын жеті рухани қазық», - деп, атап өтті.
Оның ішінде «Отансүйгіштік» тақырыбына жеке тоқталды. Бұдан бөлек деструктивті діни ағымдардың алдын алу жолдары айтылды. Сондай-ақ шара барысында қатысушылар сұрақтарына жауап берілді.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі