Түлеп ұшқан ауылын жүрек түкпірінен шығармай, қолынан келсе қарайласып жүретін жандарды азамат деп ауыз толтырып айтуға болады. Ал, азаматтар ауылдың имани ахуалына алаңдап, Алла үйіне жәрдем берсе нұр үстіне нұр дегеніміз дұрыс. Мұндай адамдар елімізде аз еместігін біліп, Аллаға шүкір айтамыз.
Жуырда Шу ауданы Шоқпар ауылындағы 1965 жылы туған, мектеп бітіргендеріне 40 жыл толған түлектер жергілікті мешітке тарту жасады. Олар туған жердегі Алла үйіне 250 мың қаржы жұмсап, азан дауысын анығырақ әрі қаттырақ шығаратын дыбыс күшейткіштерді сыйға тартып, орнатып берді. Өміршең әрі өнегелі іске ұйытқы болған ауыл азаматтарына мешіт молдасы Данияр Табаев алғысын білдірді.
Шу аудандық «Жәми» мешітінің баспасөз қызметі