Тұрар Рысқұлов аудандық «Сұлтан» орталық мешітінің жамағатына «Ихсан ілімі» бағыты бойынша «Жүректің дерттері» тақырыбында уағыз – насихат жасалды. Уағызды ауданның бас имамы Сұлтаншәріп қажы жүргізді.
Бас имам уағыз барысында: "Егер жүрек дертке шалдыққан болса, онда орындауы тиіс міндеттеріне немқұрайлы қарайды, дұрыс орындамайды немесе бұған мүлдем мойынсынбайды. Сол себепті мұндай адамды «жүрек дертіне шалдыққан адам», – деп атайды немесе қазақ халқы ондай адамды «тас жүрек» деп те таныған. Мұсылман ғалымдары бұл тақырыпқа қатысты көп пікірлер айтқан. Сайып келгенде барлығының түпкі ойы – «Жүрек ауруы – қатерлі дерт» деген тоқтамға келеді. Алла адамды мұндай дертке шалдырмасын. Себебі, жүрек науқастығының нәзіктігі сонша, адам бұл ауруға шалдыққанын сезбей де қалады. Ондай адам күнделікті өзінің ықтиярымен, қалау-жігерімен өмір сүріп жүргендей сезінеді. Ал, енді жүрегінің ауру екенін білген адам, бұл дерттен емделудің ауыр екенін және ол үшін көптеген машақатқа сабырлық таныту қажеттігін түсінуі тиіс. Себебі, жүрек дертінің емі – нәпсінің қалауы мен тойымсыздығына қарсы әрекет ету арқылы іске асады. Кейбір діндар тақуалар мұндай емді жанның шығуымен тең деп атайды. Өйткені, адамның жаны қалап тұрған нәрсеге (құмар ойнау, былапыт сөздер айту, кішіге әлімжеттік жасау, зорлық көрсету сияқты т.б.) қарсы сабырлық танытуы немесе ұстамды болуы қиынның қиыны," - деп ойын тұжырымдады.
Сонымен қатар, жүрек дерттерінің бірнеше түрлеріне тоқталып, емдеу жолдарын да көрсете кетті.
Қуаныш Тузелбеков
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі