Дұға жасаудың әдептері мен артықшылықтары

Дұға жасаудың әдептері мен артықшылықтары

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Дұғаның маңыздылығы жайлы Қасиетті Құранда, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде көп айтылған. Тіпті, Алла Тағала адамның өмірінде дұғасы болмаса ешбір маңыздылығы жоқтығын да аяттарда ескерткен.

   Дұға жасаудың әдебі қандай?

  Біріншіден, дұғаның қабыл болуы үшін ізгі амалдар арқылы әрекет етуіміз қажет.

Ғалымдар мұны «фиғли дұға», яғни, ісіміз арқылы Ұлы Жаратушыдан тілеу деп түсіндіреді. Мысалы, жер жыртып, дән сеуіп, оны жаз бойы суарып, өсіп-жетілуі үшін керекті барлық іс-шараларды атқару. Мұндай дұға Алла Тағаланың орнатқан заңдары мен себептерін орындау арқылы жүзеге асатындықтан, көбіне қабыл болады.  Ал, екінші дұға «қаули дұға», яғни, сөзбен не жүрекпен тілеу арқылы болатын дұға. Қаули дұғадан бұрын фиғли дұға жасалу керек.

  Екіншіден, дұғаны шынайы ықыласпен жасау.

«Аллаға шынайы ықыласпен дұға қылыңдар» деген аят осыған шақырады.

  Үшіншіден, харам аспен қоректенбеу. Адамдардың көбісі дұға жасай салып, дұғам қабыл болмайды деп шағым айтып жатады, алайда ішкен-жегені мен нәпақасын қалай тапқанына аса көңіл аудармайды.

 Төртіншіден, дұға жасағаннан кейін бетті сипау.

 Бесіншіден, қасиетті мекендер мен уақыттарда жасау.

Дұға жасауға кез-келген уақыт пен кез-келген орын лайық. Бірақ ерекше аталған қасиетті жерлер мен қадірлі уақыттарда жасалған дұғаның айрықша қабыл болатыны туралы да хабарлар бар.

Сол хадистің бірінде: «Құл сәжде кезінде Раббысына ең жақын болады. Сондықтан, сәждеде мол дұға қылыңыздар» деген. Ең бастысы, дұға тілегенде тек бір Алладан ғана сұрау керек.

   Алла Тағаланың көркем есімдерімен дұға тілеу; «Раззақ» есімі арқылы ризықтың сұралуы, «Рахим» есімі арқылы мейірімділіктің қалануы, Шафи есімі арқылы неше түрлі ауруларға шипа тіленуі дұғаның бір хикметіне жатады.

   Ұлы Жаратушы Алладан не сұрауымыз керек?

Бір кісі Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) келіп:“Раббымнан сұрағанымда не сұрауым керек?” деген сауал қойыпты.

Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын):

“Былай деп сұра! Уа, Аллаһым! Күнәмді кешір! Мені рақымыңа бөлей гөр! Маған есендік бер! Маған мол ырыздық нәсіп ет! Міне осылар саған дүниең мен ақыретіңе қатысты бар (жақсылықты) қамтиды” деген екен. (имам Мүслим)

 Шынайы мұсылман бақыт мен қуанышқа кенелгенде шүкір етіп, ауыр да қиын сәттерде сабырлық танытып, Жаратушысының алдында жүзі жарқын болады. Ал, бұған қалай қол жеткізеді деп ойлайсыз? Жауабы қарапайым. Ол үшін дұғаның сырын түсінсе болғаны.

Дұға — он сегіз мың ғаламды жаратқан Алла тағалаға сыйынып, Оған жалбарынуы, өзінің әлсіздігі мен пендешілігін мойындау. Шындығында да, әлемдегі барша құбылыстар Жаратушының шексіз ғылымының нәтижесінде іске асуда. Сондықтан, Алланың шексіз құдіретінің алдында адам баласы тек қана бас иіп, әлсіздігін мойындап, құл екендігін сезінуі тиіс. Ал, оны мойындаудың ең төте жолы — дұға. Өйткені, дұға — тәкаппарлық пен менмендіктен арылып, Алланың алдында шарасыз екендігін түсіну. Бұл жалғанда жолаушы екенін есіне түсіру.

Дұға — діннің негізі, құлшылықтың өзегі әрі рухы мен қайнар бұлағы. Уа, Раббымыз! Бізді сенің таңдаулы әрі сүйген, игілік берген құлдарыңның жолына түсір! Бізді тек қана Сенен ғана жәрдем тілейтін шынайы мүмін құлдарыңның қатарына қос! Біздің қайырлы дұғаларымызды мейірім мен қамқорлығыңа алып қабыл ете гөр! Бізге екі дүниеде де жақсылық бере гөр деп өзіңнен ғана жарылқау күтеміз!

  Ахат Қайыпбергенұлы

 Талас аудандық Қаратау

«Қажи би» Орталық мешітінің ұстазы.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: