"Халал жұмыртқа" тіркесін естігенде таңырқай қарайтындардың бары жасырын емес. Тауық жұмыртқасының халал болуының басты талабы – құс азығы ретінде ет-сүйекті жемді қолданбау. Таза жем-азықпен қоректенген тауықтың жұмыртқасын ғана "халал жұмыртқа" деп айтуға болады. Алайда, бүгінгі мәселе ол емес, бүгінгі қозғайтын тақырыбымыз жұмыртқаны қалай таңдаймыз, сапасыз тауық жұмыртқаларынан қалай сақтанамыз, жұмыртқа аларда не нәрсеге мән береміз?!
Құсфабрикасында шығарылған барлық жұмыртқа таңбаланады. Жұмыртқаға қойылған бірінші таңба сақтау мерзімін, екіншісі категориясын, яғни, көлемін білдірсе, «Д» әріпі диеталық, «С» әріпі асханалық (столовое) жұмыртқа екендігін көрсетеді.
Диеталық жұмыртқа – жұмыртқаның ерекше сорты емес, жаңа шыққан, балғын (свежий) жұмыртқа. Шыққан күнін қоспағанда диеталық жұмыртқаның диеталық болу мерзімі бар болғаны 7 күн. 7 күн өткеннен кейін диеталық жұмыртқа асханалық (столовое) жұмыртқаға айналады. Асханалық жұмыртқаны бөлме температурасында 25 күн, тоңазытқышта 90 күн сақталынады.
Жұмыртқаны салмағына қарай мынандай категорияларға бөлеміз: Үшінші категория – өте ұсақ жұмыртқа 35-44,9 грамм; Екінші категория – орташа жұмыртқа 45-54,9 грамм; Бірінші категория – ірі жұмыртқалар 55-64,9 грамм; Таңдаулы категория – ең ірі жұмыртқалар 65-74,9 грамм. «О» әріпімен таңбаланады.
Алып категория – өте ірі 75 граммдық жұмыртқалар. Бұндай жұмыртқалар сирек кездессе де бар. «В» (великан) әріпімен белгіленеді.
Ақ немесе қоңыр? Қайсы жұмыртқа жақсырақ? Жұмыртқа қабығының осындай түстері нені білдіреді? Бұл жерде мамандар бірауыздан жұмыртқа қабығының түсі тауықтың тұқымына (порода) байланысты екендігін айтады. Демек, бұл әркімнің эстетикалық таңдауына қалатын шешім.
Жұмыртқаны біз ғана емес, ауыр инфекциялық ауруды таратушы сальмонелла бактериясы да ұнатады. Өзімізді бұл шақырусыз қонақтан қорғаудың жолы оңай. Ол үшін мына кеңестерді есіңізде сақтаңыз: Жұмыртқаның сыртындағы кірге алданып, органикалық екен деп ойламаңыз.
Бұл – құсфабрикасындағы санитарлық тазалықтың нашарлығының көрінісі;
Қабығы зақымданған жұмыртқаны қолданбаңыз;
Жұмыртқаны пайдаланар алдын сабынды суда жуып алыңыз;
Салқын, бірақ өте құрғақ емес жерде – 0–5 °С аралығындағы температурада сақтаңыз;
Жұмыртқаны өткір иісті азық-түліктерден бөлек ұстаңыз. Жұмыртқа – адам денсаулығына өте пайдалы азық екені рас. Алайда, асқан ұқыптылықпен қарамасаңыз, зиянды болуы әбден мүмкін.
halaldamu.kz