ҚАПТАМАДАҒЫ ӨНІМ ҚҰРАМЫН ТҮСІНІП ЖҮРСІЗ БЕ?

ҚАПТАМАДАҒЫ ӨНІМ ҚҰРАМЫН ТҮСІНІП ЖҮРСІЗ БЕ?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла Тағала Құранда былай дейді: «Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер! Және шайтанның ізіне ермеңдер! Өйткені ол сендерге ашық дұшпан» («Бақара» сүресі, 168-аят). 

Бүгінгі таңда халал асқа деген сұраныс күн санап өсіп келеді. Аллаға шүкір қазіргі таңда халал ас даярлайтын дәмханалар, өндіріс орындары мен қызмет орындарының саны артып келеді. Осы тұрғыда кей көпшілік «Халал» сертификатына қасапшының не қатысы бар, жұмыртқаға неге сертификат керек деген сияқты сауалдарды қойып жүр.

Әлбетте, астың халал болуы – барлық өнімге, оның құрамына қажетті азыққа, оны даярлайтын орынға, тіпті адамға да байланысты екенін еске салайық. Еттің адал болуы үшін «Бисмилләһ, Аллаһу әкбар» деп айту шарт. Ал өзге өнімдер ше? Олардың құрамы, мың түрлі қоспасы, табиғилығы, шариғатымыз харам деп тыйым салмаған заттардан болмауы керек. Ал дүкенде тұрған өнім қаптамасын сіз толық оқисыз ба? Оқыған күнде де түсініп жүрсіз бе?

Біз қандай ас жесек, сол рухымызға әсер етеді. Оған дәлел ретінде мына бір хадисті келтірсек. Бірде Сағд (р.а) Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың елшісі, Алла менің дұғамды қабыл ету үшін мен қандай амал жасайын?» – деп сұрайды. Сонда Алла елшісі: «Ішер асыңды жақсарт (халал ет), Алла дұғаңды қабыл етеді», – деді. Сондай-ақ Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім бір түйір харам ас жесе, оның қырық күн намазы қабыл болмайды», – деген. Тіпті Құран оқу, намаз сияқты құлшылық түрлерінде ықыластың болып-болмауы да осы астың рухқа әсерінен туындайды. Сондықтан ішіп-жеп жатқан барлық өнімге назар аудару аса маңызды. Өнімнің қаптамасындағы құрамын оқисыз. Бірақ кейбір Е, ГМО, майларға қатысты терминдерді түсінбеуіңіз мүмкін. Сондықтан қаптамадағы әр атауды жеке-жеке қарастырып алған жөн.

Олай дейтінім, мәселен көптеген тәтті өнімдердің қаптамасында «кондитерский жир», «кулинарный жир» деген жазулар болады. Ойланбай сатып аласыз. Алайда кондитерлік май дегеннің түрлері бар. Өнімге қайсысы қосылды?

Кондитерлік май – кит майы, шошқа майы, сиыр майы деген түрлерімен танымал. Көршілес ислам дінін онша ұстанбайтын мемлекеттерден келіп жатқан өнімдерде кит я сиыр майын қосады деп ойлайсыз ба? Әрине өндіріс үшін шошқа майы арзан, әрі тиімді. Кулинарлы май – өсімдік және жануар (шошқа, сиыр) майынан жасалады. Дегенмен қаптамада дәл қайсысы қолданғаны айтылмайды. Ал күдікті болған өнімді қолданбаған абзал. Мұндай өнімдерді толығымен зертханада зерттеп, турасын айтатын «Халал Стандарты» бөлімі. Сондықтан да сертификаты бар өнімдер сенімді болмақ.

Ал енді жұмыртқаға неге «халал» сертификаты керек? Ол онсыз да халал емес пе? Жоқ, әрине! Мұнда бұл жұмыртқаны туатын тауықтардың ішіп-жеген асы негізге алынады. Тауық цехтары күнделікті сойылған тауықты нарыққа шығарады. Алайда ол тауық сойылғанда іш-құрылысы, басы, аяқтары қайда кетеді? Әрине технологиялық аппараттармен майданалып, жануарларға берілетін азық дайындалады. Бұл азықты жеген жануар, тез толып, етті болып шығады. Алайда мұндай өнімді жеген тауық та, оның туған жұмыртқасы да харам. Сондықтан халал тауық пен жұмыртқа өндіретін фирмалар сойған тауықтан қалған қалдықты қайта пайдаланбайды. Таза ас жеген, өзге тауықтардың я басқа жануарлардың қалдықтарын жемеген құстың жұмыртқасы да халал болады.

«Е» тағам қоспаларының да рұқсат етілгені және рұқсат етілмегені бар. Бұл жайлы ҚМДБ «Халал Даму» ұйымы арнайы тізім де жариялаған болатын. Кейбір «Е» қоспаларының құрамында доңыз майы, спирт кездеседі. Ал қаптамада «Е» деп көрсетілген белгіні біреуі түсінсе, екінші біреуі түсіне бермес. Сол себепті кестеден алдымен тексеріп алыңыз.

Қасапшыларға келер болсақ. Мал бауыздаудың да өз шарттары бар. Соның барлығын арнайы курста оқып, сертификат алған қасапшының қолынан шыққан ет те сенімде болады.  Өйткені, мұндай қасапшы шариғат талаптарының барлығына сай мал бауыздайды.

Халал-харам мәселесі тек тағамда ғана емес, косметикада, дәрі-дәрмекте, сүт өнімдеріне, тазалық заттарында, т.б қолданылады. Жеуге жарамды астан басқа заттардан «халал» белгісін көрсеңіз таңқалмай, қайта сол өнімді тұтынуға тырысқан жөн.

«Алланың өздеріңе халал әрі таза етіп берген ризықтарынан жеңдер!» («Мәида» сүресі, 5/88). «Харам пайдадан өскен ет (яғни, адам) жәннатқа кірмейді», (Имам Термези риуаят еткен.) – деп ескерткен. Демек, әр бір адамның өзіне және отбасына напақа табу үшін кәсіп етуі міндет. Сондықтан да Пайғамбарымыз оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адал пайда табуға талпыну - парыздан кейінгі парыз» деген. (Имам Бәйһақи шүғабул иман кітабінда риуаят еткен.) Яғни дұрыс емес, харам болмен табылған ақшаға тамақ алып ішу де харам. Тіптен күйеуінің алып келген адал азық-түлігімен үйдегі әйелдің тамақ дайындауына да мән берген жөн. Асты ғұсылмен дауындауы, дәретті болу, «бисмилләһ» деп бастауы аса маңызды.

«Ас – адамның арқауы» деген сөз қазаққа әбден таныс. Адам тіршілігінің көзі, өмірінің жалғастырушысы, ал кейде өмірін тоқтатушы ажал көзі де осы ас. Сан мыңдаған өнімдегі түрлі құрамды мән беріп, қарасын деген ниетпен біз бір-екі ғана мысал келтіріп өттік. Ал айтылмағаны қаншама. Қамшының сабындай қып-қысқа ғұмырда бей-жай қарау себепті харам ас жеп, бұл дүниеде имамның әлсіз боп, о дүниеде мәңгілік тозаққа түсіп кетпес үшін ауызымызға салған әрбір асқа сенімді болайық. Ол үшін қаптамадағы құрамды түсініп оқысаңыз жеткілікті...

Нұрматжан МИРАЗИЗОВ

ҚМДБ «Халал Даму» ұйымының

Жамбыл облысы бойынша өкілі

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: