#Меркі ауданы: ҚҰРАН БАҒЫШТАУ – ІГІ ІС

#Меркі ауданы: ҚҰРАН БАҒЫШТАУ – ІГІ ІС

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің бас имамы Азамат Берікұлының бастамасымен аптаның әр бейсенбісі дүниеден өткен жандарға, оның ішінде осы мешітке көп еңбек сіңірген аталарымызға, жамағат арасында дүниеден өткен аруақтарға және т.б. Құран оқып сауабын бағыштау ісі қолға алынды.

Азамат Берікұлы: ««Әһл әс-Сунна» ғалымдарының көпшілігі арнайы бағышталып оқылған Құран сауабының өлілерге тиетіндігін айтады. Мысалы: Ханбали, Ханафи мәзһабы бойынша және Шафиғи мен Мәлики мәзһабтарының кейінгі үлкен ғұламаларының пікірінше, барлық жасалатын жақсылықтардың, сондай-ақ бағышталып оқылған Құранның сауабы да өлілерге тиеді. Ибн Қудаманың «әл-Муғни» атты кітабында Ахмад ибн Ханбал: «Бағышталып жасалған барлық жақсылықтың сауабы өліге тиеді. Өйткені, ол жайлы хадистер бар. Барлық қалаларда мұсылмандар жиналып, Құран оқып, сауабын өлілеріне бағыштауда әрі бұған ешкім қарсы шықпауда. Міне, бұл оның дұрыстығына ижмағ болмақ», - дейді .

Қайтыс болған адамның рухына Құран оқып, оның сауабын бағыштауға қатысты Алла Елшісі (ﷺ): «Қайтыс болған адамдарыңа «Ясин» сүресін оқыңдар!», - деген. Құранды өліге бағыштауға болатындығын мақұлдаған ғалымдардың бәрі ақшаға оқылған Құранның қабыл болмайтындығы турасында бір пікірде. Сондықтан оқи алса, Құранды өліге бағыштағысы келетін кісінің өзі оқығаны абзал. Ал басқа бір адамға оқытса, онда ол адамға Құран оқығаны үшін арнайы ақы бермеуі шарт. Cадақа ретінде берсе болады.

Мешіттерге келіп оқытатын кісілер мешітке берген садақаларын Құранның ақысы деп ойламауы тиіс. Бұған қоса, Құран оқыттым, әке-шешемнің күнәлары кешіріліп, жұмақтық болды деген таяз түсініктен де аулақ болғаны жөн. Себебі, бағышталған Құранның қабыл болып-болмауы - бір Жаратқанның құзырындағы іс. Біздікі сауабы жетсе деген үміт және күнәсі кешіріліп, Құранның шарапаты тисе екен деген игі тілек қана.

Осы мақсатта Меркі аудандық «Меркі ата» мешіті ұжымы, аптаның әр «БЕЙСЕНБІ» күні құптан намазы алдында дүниеден өткен әруақтарға Құран бағыштау ісін қолға алуда. Құран Кәрімнің «Ясин», «Мулк», «Ар-Рахман» тәрізді және басқа да сүрелері оқылып, марқұмдарға бағышталады.

Құран оқытып, сауабын жолдағыңыз келсе, ата-анаңыз бен ағайын-туыс, бауырларыңыздың тізімін «Меркі ата» мешітінің қызметкерлеріне табыстай аласыз. Мешіт қызметкерлері тізімде көрсетілген адамдардың атынан жиналған садақа қаражатына ай сайын мұқтаж жандарға азық-түлік тарататын болады», - деп сөзін аяқтады.

Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: