Тұрар Рысқұлов ауданы Абай ауылдық әкімшілігінде «Бірлік бар жерде береке бар» тақырыбында кездесу болды. Кездесуде Абай ауылдық «Қалқабай ата» мешітінің имамы Таукеев Талғат аталған тақырыпта уағыз-насихат айтты. Кездесуге әкімшілік қызметкерлері мен қоғамдық жұмысшылары қатысты.
Талғат имам өз сөзінде: "Қоғам ішінде бүлікшілік пен алауыздықты тоқтату әрбір мұсылманның міндеті. Құран мен Хадис біздерге осыны бұйырады. Қоғамның бірлігі мен ынтымағы үшін кейбір істен бас тарту иманның кемелдігінен.
Әлемдік діндердің ешбірі қоғам тыныштығын бұзуға рұқсат бермейді. Сол секілді ислам дінінің де өзіндік ерекшеліктері бар. Ең басты ерекшелігі қоғамды басқарушы әміршіге әрбір мұсылманның бағынуын, тыңдауын талап етеді.
Алла Қасиетті Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Аллаға, пайғамбарға және өз араларыңдағы әмір иелеріне бойұсыныңдар».
Хз. Пайғамбарымыз ﷺ бұл жайында былай дейді: «Кім маған итағат етсе, Аллаға итағат еткен болады. Кім маған қарсы шықса Аллаға қарсы шыққан болады. Кім әміршіге итағат етсе, маған итағат еткені. Кім әміршіге қарсы келсе, маған қарсы келгені»" - деді.
Қуаныш Түзелбеков
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі