Тұрар Рысқұлов ауданы Құлан ауылының спорт мектебінде жас спортшылармен кездесу болды. Кездесуде ауданның бас имамы Джадраев Сұлтаншәріп қажы жастарға ынтымақ, бірлікті сақтау, бүлік шығарудың зардаптары туралы жан-жақты айтып түсіндірді. Әртүрлі әлеуметтік желілердегі провакациялық видеоларға алданып қалмауға шақырды. Сонымен қатар, асыл дініміз исламның тек қана бейбітшілік пен тыныштыққа шақыратындығын жеткізді.
Бас имам сөз соңында: "Ислам бізден үй ішінен үй тігуді немесе түрлі ағымға бөлініп, кейбір діни-саяси топтың қолшоқпары болып, бүлік шығаруды емес, керісінше қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті ұстануды бұйырады. Сол себепті Алланың біздерге нәсіп еткен тыныштығын сақтайық. Сөзімізді Пайғамбарымыздың ﷺ мына бір хадисімен аяқтайық: «Сендерге бірге болуларыңды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өтте қатты сақ болыңдар. Себебі, шайтан жеке басына өмір сүрген кісіге жақын болады. Бірге болған екі адамнан алыс тұрады. Кімде кім жәннәттің дәл ортасында өмір сүргісі келсе, бірге болуға мән берсін»,"-деп сөзін аяқтады.
Түзелбеков Қуаныш
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі