Берекенің бастауы неде?

Берекенің бастауы неде?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Береке – біздің ұнамды ісіміз үшін Алланың бізге берген қымбат нығметтерінің бірі. Алла Тағала қаласа, адам баласына ризық пен берекені тіпті, біз ойламаған жерден беріп қояды.  Ол ризық пен берекені  Алланың бізге берген үлкен сыйы деп түсінуіміз керек.

Алла елшісі (с.ғ.с.)өзінің хадисінде: «Ешбір жан өзінің ризық-несібесін алмай бұл дүниеден қайтпайды. О, Алланың құлдары! Алладан қорқыңдар, дүниелік игілікті іздегенде орташа болыңдар», - дейді. Қазақ мұны «Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді», - дейді. Демек Алла нәсіп етіп, бізге бұйырған нәрсе біздікі.

Ризық – бұл Алла Тағаланың өзінің құлдарына беріп жатқан барлық жақсылығы. Бізге берілген барлық игіліктер біз үшін ризық болып есептеледі. Бұл материалдық та, рухани да игілік болуы мүмкін. Әрине бұл игіліктердің арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Ризықты тек Алла береді.

Алла қаласа, әр адамға ең кішкентай нәрседен немесе аз ғана кәсібінің өзінен береке беріп қояды. Сол береке мен ризықтың бастауы неде жатыр? Бізге сансыз нығмет берген Алланың берекесіне қалай ие бола аламыз?

1. Жақсы ниет.

Мұсылманның әр ісі ниетіне қарай бастау алады. Беркелі ризыққа ие болғыңыз келсе, ең алдымен әр нәрсеге жақсы ниетте болыңыз және әр ісіңізді сондай ізгі ниетпен бастаңыз. Жасауға ниеттеніп, жасағалы отырған ісіңізден Алла Тағала разы болады ма, соған көз жеткізіңіз. Шынайы ниетпен жасалған әр амалымыз бізді Алланың разылығына қауыштыратынын ұмытпаңыз.

2. Тақуалық.

Құранда: «Егер ол өлкелердің елі иман келтіріп, сақсынса еді, әрине оларға көк пен жердің берекеттерін ашып жіберер едік. Бірақ олар жасынға шығарды. Сондықтан қылмыстары себепті оларды қолға алдық». (Ағраф сүресі, 96 аят), - делінген. 

Сонымен қатар, «Бақара» сүресінің 3-аятында: «Сондай олар көмеске иман келтіреді, намазды толық орындайды, өздеріне берген несібемізден (Алла жолында) пайдаландырады», - деген.

3. Аллаға тәуекел ету.

Алла Тағала Қасиетті Құранның «Тәлақ» сүресінің  3-аятында: «Оған, Алла, ойламаған жерден ризық береді. Ал кім Аллаға тәуекел қылса, сонда Ол, оған жетіп асады. Сөзсіз Алла өз бұйрығын атқарады. Расында Алла, әр нәрсеге бір өлшеу қойған», - деген.

Хазреті Омар (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер сіздер Аллаға шынайы тәуекел етсеңіздер, Алла сіздерді таңертең аш шығып, кешке жемсауыттары толып қайтқан құстар секілді ризықтандырар еді» - деген.

4. Құран оқу.

Құран адамзат баласы үшін  шипа, қорған, Алланың бізге берген мейірімі. Сонымен қатар, берекенің бастауы мен қайнар көзі. Қасиетті Құранның әр аяты, әр әрпін оқыған адамға еселеген сауаптар мен береке беріледі. Бұл туралы Құранда: «Бұл (Құран) кенттердің анасы Меккеліктерді, маңындағы адамдарды үгіттеуің үшін біз саған түсірген өзінен бұрынғыны растаушы құтты бір Кітап. Сондай ақыретке сенгендер, бұған сенеді де, олар намаздарына сақтық істейді», («Әнғам» сүресі, 92 аят) - деп баяндалады. 

Құран оқып, Алланың сансыз берекесіне кенелейік. Құраннан қол үзіп, алыстаған сайын, қасиетті Құран да бізден алыстап, берекеміз қашатыны хақ нәрсе.

5. Бисмилләһ.

Әр ісін бастамас бұрын «Бисмилләһ» сөзін айтқан адамның ісіне шайтан араласа алмайды. Алланың аты аталған жерде береке бар. Бисмилләһ – әр істің игі бастамасы. Әр ісіңізді Алланың атымен бастаңыз. «Бисмилләһ»-тың құндылықтары өте көп. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бір хадисінде: ««Әрбір бисмилләһсыз басталған іс шолақ» (Әбу Дауд, Насаи, Ибн Мажа), - деп Алла атымен басталмаған іс көздеген мақсатқа сай жалғасын таппайтындығын ескерткен.

«Бисмилләһ» сөзіне құрмет көрсеткен Бишри Хафидің (рахметуллаһи алейһ) дұрыс жолға түсуі туралы былай баяндалады: Бір күні мас күйде келе жатып жерден “Бисмилләһиррахманиррахим” деген жазуы бар бір қағазды көреді. Бұл жағдайға көңілі разы болмай, жерден алып сүйіп, кейін балшықтарын тазалайды. Тазалап болғаннан соң әдемі иіс сеуіп, үйінің дуалына іліп қояды.

Сол түні ғалым және әулие бір кісіге түсінде “Бишриге барып айт, есімімді тазалағаныңдай мен де сені тазалаймын. Есімімді жоғары көтергенің үшін мен де сені көтеремін. Есімімді әдемі иістендіргенің үшін, мен де сені әдемі етемін. Ұлылығыммен ант етемін сенің есіміңді дүниеде және ахыретте таза және әдемі етемін!” деп бұйырылды.

Бұл түс үш рет қайталанды. Ғалым кісі таңертеңгісін Бишри Хафиді сыраханадан тапты. Өте маңызды хабарым бар деп сыртқа шақырды. Бишри келгенінде “Саған Аллаһу та’аладан хабарым бар” деп айтуымен Бишри егіле жылай бастады. “Маған ашулы ма, қатты азап береді ма?” деді. Түсті тыңдап болғаннан соң достарына бұрылып “Мені шақырып жатыр, бұдан былай мені бұл жерлерде көрмейсіңдер!” деді. Сол жерде тәубе етті. Бұл кезде аяғында аяқ киімі болмағаны үшін кейін де мүлдем аяқкиім кимеді. Себебін сұрағандарға “Сөз берген кезімде жалаң аяқ едім, енді қазір киюге ұяламын.” деген екен. Аяқкиім кимегені үшін «жалаңаяқ» деген мағынада «Хафи» деп аталып кетті. Бишри Хафи хазіреттері өмірінің қалған бөлігін ілім үйрену және үйретуменен өткізді.

6. Тамақты бірлесіп жеу.

Исламда қонақ күту – Алланың разылығын алу болып есептеледі. Әр адам жеке бас ерекшелігі, ұлты, нәсіліне қарамастан, дүниенің қай бұрышында болса да, қонақ күтуге ерекше ілтипат білдіруі керек. Ислам діні пайда болғаннан кейін қонақ күту әдебі қоғамда одан әрі орныға түсті. Қонақ күту, оны қадірлеу жайлы Құран мен риуаяттарда да айтылған. Ал қазір мұсылман халықтарының ішінде қонақты қадірлеу және оны күту сүннет болып табылады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.а.) хадисінде: «Бір адам сізді көруге келген кезде оған құрметпен қараңыз», - деген.

Алла тағала қонаққа да, үй иесіне де ерекше маңыздылық берген. Қонақ өзінің діндес бауырына барып, оның хал-жағдайын сұраған кезде Алланың қуануына себеп болады. Үй иесі қонаққа лайықты күтім жасай отырып, Алланың рақымы мен беркесіне бөленеді. Асыл дініміз Исламда қонақ Алланың сүйіктісі және берекенің көзі ретінде таныстырылған.  Кейбір рауаяттарда қонақ Алланың берген сыйы болып саналады және ырыс-берекенің артып, Алла рақымының жаууына себеп болады.

Алла елшісі (с.ғ.с.) осы жайлы былай дейді: «Алла қаласа, қоғамға жақсылық әкеледі, оларға ең қымбат сый жібереді». Пайғамбардан: «Ол қандай сый?»-деп сұрағанда,  «Ол – қонақ. Қонақ өз ырыздығымен кіреді және жанұяның күнәсін өзімен бірге алып кетеді. Яғни, сол жанұяның мүшелері кешірімге ие болады».

Ислам мәдениетінде қонақ шақыру тек достық пен туысқандық қатынастарды нығайту және өзіндей адамдарды тамақтандыруға арналса ғана орынды. 

Ардақты Пайғамбарымыз: «Алла Тағалаға және ақырет күніне сенген адам қонағына сый – сыяпат көрсетсін…» -  дейді және қонақпен еріп келетін құт жайлы: «Жақсылық қонақ күтілген үйге пышақтың түйенің өркешіне жетуінен бұрын жетеді», - деп  баяндаған. Хадисте айтылған жақсылық – Алланың  берген нәсібі мен берекесі. Қонақ келсе жалғыз атын сойып берген бабаларымыз осы нәсіптен құр қалмауға қам жасап:

Кісі көрсең есікке,

Жүгіре шық, кешікпе,

Қарсы алмасаң мейманды

Кесір болар нәсіпке!

 

Қонақ келсе үйіңе құрметтеп ал,

Көңілің оның қалдырма, хақтан ұял.

Пәле кетіп, қонақпен рақмет келер,

Ырза қылып әркімнен бата алып қал, - дейді, Пайғамбарымыздың тағылымдарынан нәр алған халқымыз: «Қонақпен еріп құт келеді», - деп, даналық қорытынды жасаған.

Жәбир Ибн Абдуллаһтан (р.а.) Имам Муслим риуаят еткен: «Бір адамға жеткен ас, екі адамға жетеді. Екі адамға жеткен ас, төрт адамға жетеді. Төрт адамға жеткен ас сегіз адамға жетеді», - деген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  тамақты бірлесе отырып жеу берекелі болатынын әрі береке шақыратынын дөп басып айтқан. 

7. Сауда-саттықта адал болу.

Бағзы заманнан бері күнкөрістің негізгі кәсібі сауда болғандықтан, Ислам оны біздерге халал етті. Бірақ, адал, өсім араласпаған сауда ғана халал болып табылады. Құранда бұл жайында Алла Тағала былай дейді:«Алла сауданы халал, өсімді харам етті» («Бақара» сүресі, 275-аят). Ал, келесі бір аятта былай діленеді: «Ей, иман еткендер! Малдарыңды араларыңда хақсыз жолмен жемеңдер. Егер ол табысыңыз әрбіріңіздің ризашылығымен болған сауда заты болса да» («Ниса» сүресі, 29-аят).

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ырыстың онда тоғызы сауда мен диқаншылықта. Қалғаны мал асырап сатуда», – дейді. Демек, сауда жасау маңызды кәсіп болып саналады. Жақсы сауда жасаушылар жайында пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ең таза және адал табыс – сауда  жасайтындардың табысы. Олар сөйлеген кезде өтірік айтпайды, өздеріне бір нәрсе аманат еткен кезде аманатқа қиянат жасамайды. Уәде берсе, уәделерінен таймайды, сатып алған кезде затты жамандамайды, сатқан кезде тауарды орынсыз мақтамайды, қарызданған кезде қарыздарын кешіктірмейді. Алашақ болған кезде қиындық тудырмайды» (Мунзири, әт-Тарғиб уәт-тарһиб, ІІ, 586), – деп өте жақсы лебіз білдіреді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде былай деген: «Сенімді, дұрыс сауда жасаған кісі қиямет күні пайғамбарлар, сыддықтар (шыншылдар) және шәһидтермен бірге болады» (Тирмизи, Бую-4). Және тағы бір хадисінде: «Алушы мен сатушы базардан шыққанға дейін ерікті. Егер екеуі де шынын, яғни тауардың кемшілігі мен құнын жасырмай айтса, саудалары өздеріне берекелі болмақ. Керісінше, тауардың кемшілігін, құнын жасырып, өтірік айтса, бәлкім пайда табар. Бірақ, сауданың берекесін жояды» (Бұхари, Бую-19; Муслим, Бую-11).

Сауда-саттықта заттың жаманын жасырып, жақсысын көз бояушылықпен жарнамалап сатып, пайда табу берекені кетіреді.

8. Дұға.

Әрісіңізде, үйіңізде, кәсібіңізде береке болғанын қалайсыз ба? Дұға жасаңыз. Әбу Дауд Нуъман бин Баширден Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына хадисін жеткізеді: «Дұға – бұл ғибадат, сендердің Раббыларың: «Маған дұға етіңдер (сұраңдар), сендерге жауап беремін» (Тирмизи),– дейді». 

Дұғаға қатысты  Ибраһим бин Адһамның өсиеті мынадай: Ибраһим бин Адһамнан адамдар «Алла тағала: Дұға етіңдер, жауап берем» деген. Расында біз дұға етеміз. Алайда, дұғамыз қабыл етілмейді, - деп сұрақ қояды. Бұған ғұлама әрі тақуа Ибраһим бин Адһам (р.а.): «Сендердің жүректерің он түрлі амал салдарынан өлген. Ол амалдар: Расында, сендер Алланы таныдыңдар, бірақ Оның хақын өтемедіңдер. Сендер Алланың кітабын оқисыңдар, бірақ оған  амал етпейсіңдер. Ібіліске дұшпанмын деп жар саласыңдар, бірақ онымен достық мәміле жасайсыңдар. Алла  елшісін жақсы көремін деп айғай саласыңдар, алайда оның амалдары мен сүннетін тәрк еттіңдер.  Жәннатты жақсы көремін деп айтасыңдар, бірақ жәннат үшін әрекет етпейсіңдер. Тозақтан қорқамын  дейсіңдер, бірақ, күнәдан тыйылмайсыңдар. Өлім хақ деп айтасыңдар, бірақ дайындық көрмейсіңдер. Өзгелердің айыбын ашумен әлексіңдер, өз айып-қателіктеріңді білмейсіңдер. Алланың ризық-несібесін жейсіңдер, бірақ шүкіршілік етпейсіңдер. Араларыңнан қайтқан кісіні жерлейсіңдер, бірақ одан ғибрат алмайсыңдар» (Мунаббихат), – деп жауап берген екен.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)үнеміАлладанбереке тілеп, дұға жасайтын болған. Тіпті, «Алла сенен разы болсын!» деген тілектің өзі берекенің бастауы болып табылады.

9. Адал табыс.

Құранда: «Жер бетінде Алланың несібе бермеген жаратылысы жоқ» -делінеді. Адам баласы ғана емес, бүкіл жаратылыс несібесін, ризығын Алладан алады. Алла Тағала жер бетіндегі барлық нәрсені адам игілігіне бола жаратқан. Аспан мен жердің арасындағы ұшқан құс, жүгірген аң, сан түрлі жеміс-жидек, көкөніс – барлығы да қазынасы кең, Ғани Жаратушы тарапынан пенделерге берілген. Ағыл-тегіл, көл-көсір нығметтерді құлдарына берген, Раббымыз, бірақ, харамға жоламауды Құранда қатаң ескерткен: «Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!» («Бақара» сүресі, 168 аят); «Алланың өздеріңе халал әрі таза етіп берген ризықтарынан жеңдер!» («Маида» сүресі, 88 аят).

Хадистерде де Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүміндерге мейлінше харамнан сақтану керектігін өсиет еткен: Әбу Хұрайра (р.а.) айтады: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір күні былай деді: «Әй, адамдар! Алла Тағала кіршіксіз таза, сондықтан таза еместі қабыл алмайды.  Алла пайғамбарларға бұйырғанын мүміндерге де бұйырған. Мәселен, «Әй, пайғамбарлар, таза нәрселерден жеңдер және ізгі іс істеңдер» («Мүминун» сүресі, 51 аят) десе, мүміндерге: «Әй, мүміндер, сендерге ризық ретінде бергенімнің тазасынан жеңдер» («Бақара» сүресі, 172 аят) деп әмір еткен. Артынша әңгімесін жалғап, қасиетті сапарға шыққанмен үсті-басы ретсіз, шашы ұйпа-тұйпа, бірақ қолын жайып «Уа, Раббым! Уа, Раббым!» деп дұға оқып отырған біреу туралы «Бұл кісінің ішкені харам, жегені харам, кигені харам. Сөйте тұра, тілегім қабыл болса дейді. Мұндай адамның дұғасы қайдан қабыл болсын?», – деді». (Мүслим, зекет, 65).

Тағы бір жолы: «Сондай бір дәуір туғанда, адам баласы тапқанының адал-арамдығына көңіл бөлмейтін болады», – деп мұңайған еді. (Бұхари, Бую, 7).

Жоғарыда аталған жайттар мұсылман үшін халал мен харамды бір-бірінен ажырата білудің маңызды екенін, не нәрсені де қолға алғанда әуелі дін тұрғысынан рұқсат бар-жоғын, кісі ақысы араласпағанын ескеріп, таза жолмен келген-келмегеніне мән беру керектігін ұқтырады.

Еңбектену, тіршілік ету адамның өз нәпақасы мен нәсібін өзі табудың өзгермейтін қағидасы болғандықтан, хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз бір хадисінде былай дейді: «Ешбір пенде өз еңбегінен артық хайырлы тағам жемеген. Алланың елшісі Дәуіт (ғ.с.) пайғамбар да еңбектеніп, өз қолымен тапқанын жеген» (Бұхари, Бую-15).

Адал кәсіп еткен адам қор болмайды. Алла елшісі: «Сен рұқсат етілген, адал тамақ жесең Алла сенің дұғаңа жауап береді», - деген. «Сен шүкір еткен аз дүние, сен шүкір етпеген көп дүниеден жақсы», - дейді.  Себебі көп дүние адамның тәубе шүкірін ұмыттыратын болса оның қайыры жоқ. Алла баршамызға адал табыс табуды нәсіп етсін!

10. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетімен жүру.  

Жер бетіндегібарлық адамзат үшінкөркемөнегенің бастауы, ғажап үлгі ол – Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың көркем мінезі, ғибратты өмірі және үмметіне қалдырған сүннеттері.

Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бүкіл ғұмыры Жаратушы Алланың разылығын алуға бағытталған болатын. Сондықтан, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеттерін орындау арқылы үлкен берекеге ие бола аламыз. Ол – Алланың разылығына кенелу бақыты.

Күнделікті өмірде қолданып жүрген әр ісімізді сүннетке сай жасар болсақ, қаншама сауап пен берекеге кенелер едік... Ол жай ғана күлімсіреу, тамақты оң қолмен жеу, мисуак қолдану, т.с.с  қарапайым нәрселерде жатыр. 

Сонымен қатар, беркенің бастауын истихара намазын оқу, Аллаға шүкір ету, қайырымдылық жасау, туыстық қатынасты үзбеу, некеге отыру, ерте тұру, намаз оқу, тәубе ету сияқты  т.б. көптеген нәрселерден табуға болады. Тек ниетіміз Алланың разылығын алу болса жеткілікті.

Үнемі жақсы нәрсе ойлаңыз, жақсы сөз сөйлеңіз, жақсы амал жасаңыз, Алланың разылығына бөленуге тырысыңыз. Нәтижесінде, Алланың ең қымбат нығметі – берекеге жолығасыз, Алла қаласа.

Лаура Алмаханова

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: