Жат ағымның алдын алу жұмыстары Меркі ауданында өз жалғасын табуда.
Мемлекетіміздің рухани тірегі болған дәстүрлі діннің жалпыға ортақ адамгершілік қағидаларын насихаттау, рухани құндылықтарды жаңғырту және халықтың ұлттық санасын ояту арқылы теріс пиғылды діни ағымдарға қарсы күресу - күн тәртібінде тұрған маңызды мәселе.
Осы орайда, Меркі ауданы «Хан базары», «Керуен» сауда кешені қызметкерлері және Меркі аудандық спорт кешенінің жаттықтырушылары мен шәкірттеріне ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Дулат Талғатұлы алдын алу жұмыстарын жүргізді. Маман дәстүрлі діннің өнегелік ұстанымдары, қоғам үшін қауіпті құбылыс болған – діни экстремизмнің мәні, дінге қызығушылық танытатын жұртшылыққа дұрыс ақпарат алудың маңыздылығын атап өтті.
Дін маманымен кездескен халық сұрақтарына тұшымды жауаптарын алды. Тұрғындардың діни сауаттылығын арттыруға септігін тигізетін бұл бағыттағы іс-шаралар одан әрі жалғаса бермек.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі