Ибн Аббас (р.а.) Алла Елшісінің (ﷺ) былай айтқанын келтірген: «Маған күллі қауым көрсетілді, қасында бірнеше ғана адамы бар пайғамбарды (ғ.с.) көрдім, қасында бір-екі ғана адамы бар пайғамбарды (ғ.с.) көрдім және қасында ешкім болмаған пайғамбарды (ғ.с.) да көрдім.
Бір уақытта алдымнан сансыз көп адам көрінді, бұл мені үмбетім деп ойлауым мұң екен, маған: «Бұл Мұса (ғ.с.) мен оның қауымы, енді мына жаққа қарашы», - деген дауыс естілді. Айтқан жаққа қарап едім, ол жақта да көп адам болды. «Енді ар жаққа қара», - деген дауыс естілді. Ар жақта да сансыз көп адам тұрды. Сол сәтте: «Бұл сенің үмбетің, осы адамдардың арасында есепсіз әрі азапсыз Жұмаққа кіретін жетпіс мың адам бар», - деген дауыс естілді. Осыны айтты да Пайғамбарымыз (ﷺ) отырған орнынан тұрып, үйіне кіріп кетті, ал қалған адамдар Жұмаққа есепсіз әрі азапсыз кіретін адамдар жайында сөйлесе бастады. Адамдардың бірі: «Мүмкін бұлар Алла Елшісінің (ﷺ) сахабалары (р.а.) шығар», - десе, енді біреуі: «Мүмкін бұлар Ислам дәуірінде дүниеге келіп, Алладан басқа ешкімге құлшылық жасамағандар шығар», - деді.
Осылайша, әркім өзінің ойын жеткізіп жатқанда, Пайғамбарымыз (ﷺ) үйінен қайта шығып: «Не айтып жатырсыңдар?» - деп сұрады. Адамдар не жөнінде сөйлесіп отырғанын айтты. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ): «Бұлар – өздері дуа жасамайтын, дуа жасату үшін өзгелерге жүгінбейтін әрі құстың ұшуы сияқты жаман жорамалдарға сенбейтін, тек Алла Тағалаға сенім артып, тәуекел ететіндер», - деп жауап береді. Пайғамбарымыз (ﷺ) сөзін аяқтар-аяқтамастан орнынан 'Уккяша бин Михсан әл-Асади тұрып: «Алладан мені солардың қатарына қоссыншы деп сұрашы», - деп өтінеді.
Пайғамбарымыз (ﷺ) оған:«Сен солардың қатарындасың», - дейді. Сол сәтте орнынан тағы бір адам тұрып: «Алладан мені де солардың қатарына қоссыншы деп сұрашы», - деп өтініш білдіреді. Алайда Пайғамбарымыз (ﷺ) оған: «Бұл мәселеде Уккяша сені басып озды», - деген екен (әл-Бұхари; Мүслим).
asyldin.kz