Қасиетті Құранның алғашқы түскен аяты білім алуға шақырды. «Иқра!» (Оқы!) деп басталған сөз «оқу мен жазуды игер» деген мағынаны береді. Тарихта мұсылмандардың әрбір жас-кәрісі, ер-әйелі білімнің тал бесіктен жер бесікке дейін парыздығын сезінді. Бүгінгі таңда да діни білім алуға ұмтылушылар артып келеді. Осындай дін білімін беретін қасиетті шаңырақтың бірі - Қордай Құран қарилар даярлау орталығы.
Тараздан ауданға ат артып арнайы келген Жамбыл облыстық "Һибаулла Тарази" мешітінің 1-ші наиб имамы Нұралы Бақытұлы Қордай Құран қарилар даярлау орталығының шәкірттеріне дәріс оқыды.
Шәкірттерге білім алудың артықшылығы, оның қияметте Алланың алдындағы дәрежесі, сауабы жөнінде айтыған дәріс терең мәнділігімен жастардың білім алуға деген құлшынысын оята түскен-ді.
"Белгілі ғалым имам Ғазали: «Пайдалы біліммен шұғылдану бүкіл басқа істерге қарағанда әлдеқайда жақсы. Пайдалы білім – дүниенің жамандығын, ақыреттегі жағдайдың қауіптілігі мен қорқыныштылығын түсіндіретін білім. Дүниеге беріліп, ақыреттен бет бұрған адамдардың надандығы мен ақымақтығын, олардың бойындағы өркөкіректік, күншілдік, екіжүзділік, өзін өзі сүюшілік, атаққұмарлық пен мансапқұмарлық, дүниеге құштарлық сияқты жүрек дерттерінің дауасы не екендігін білдіретін білім – пайдалы білім»,-деген екен" - деп наиб имам ғұламалардың сөздерін де тілге тиек етті.
Қордай аудандық мешітінің баспасөз қызметі