Шу ауданындағы Қонаев пен Бірлік ауылдары қоңсылас жатқан ауылдар. Екі ауылдың мешіттерінде көптеген шаралар өтіп тұрады. Оны жаңалықтарда жариялаған болатынбыз.
Асыл дініміз бізді тазалыққа шақырып, бірігіп істеген жұмыста береке барын түсіндіреді. Соған сай амал еткен Қонаев ауылының жамағаты жуырда мешіт айналасына тазалық жұмыстарын жүргізіп, ынтымақтарын көрсетті.
Сол сияқты салмақтың шараның бірі Бірлік ауылында өткен болатын. Мұнда мешітке келіп дәріс алатын жоғарғы сыныпта оқитын шәкірттер ұстаздары Медет Нәрікбайұлы Жұматаевтан кебін пішуді, мәйітті дұрыс кебіндеуді үйренді. Өлімді ұнатпағанымызбен күндердің бір күнінде Алла берген аманатты Иесіне тапсыратын уақыт жететіні хақ. Сол кезде соңғы киімді пішу үшін имамдарды іздеп сабылатынымыз рас. Ал, бүгінгінің жасы ертеңгіні басы болғандықтан оларға осы дәріс артықтық етпейді.
Шу аудандық «Жәми» мешітінің баспасөз қызметі