ӨЗІҢДІ САҚТА, ӨМІРІҢДІ САҚТА!

ӨЗІҢДІ САҚТА, ӨМІРІҢДІ САҚТА!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Адам баласының – дүниеге келуі, өмір сүруі үлкен нығмет. Алла Тағала адамзатты керемет күйде және әсем бейнеде жаратты. Сол себепті осындай үлкен нығметтің қадірін біліп, санаулы ғұмырды Жаратушының бұйрығына бойұсына, тыйымдарынан тыйыла отырып сүру керек.

Өкінішке қарай кей кезде адам баласы бұл дүниеден баз кешіп, мәңгілік сапарға асығады. Соңында өліммен қауышуға асығып, өзіне зиян келтіріп, суицид жасауға бел буып жатады. Мұндай істі асыл дініміз құптамайды.

Алла Тағала Құранда: «...бір-біріңді өлтірмеңдер. Расында Алла сендерге ерекше мейірімді» («Ниса» сүресі, 29-аят) дейді. Сондай-ақ Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадис шарифінде: «Кімде-кім мына дүниеде өзін бір нәрсемен өлтірер болса, Қиямет күні сол нәрсемен азапталады», – дейді.

Қаржы тапшылығы, зорлық-зомбылық, эмоциялық күйзеліс, отбасылық мәселелер, осының бәрі адамды суицидке итермелейді. Алайда суицид жасау бұл қиындықтардың шешімі емес, ақыретте де сауапқа кенелтпейді.

Бұл себептердің барлығы адам баласының құндылықты тек қана материалдық тұрғыда бағалайтынын байқалады. Яғни оның өмірі материалдық жайттармен ғана байланысты секілді көрінеді. Ал асыл дінімізде кез-келген материалдық заттың адам өмірінде аса бір маңызы жоқ. Керісінше бұл дүниедегі құнды зат адамның өзі және оның жасаған жақсы істері. Алла Тағала Құранда: «Әрине сендерді қayiп-қатер, ашаршылық және малдан, жандардан сондай-ақ өнімдерден кеміту арқылы сынаймыз, (Мұхаммед) жағдайда сабыр етушілерді қуандыр! Қашан оларға бip қайғы жетсе: «Олар шын мәнінде біз Аллаға тәнбіз әpi Оған қайтушымыз», – деді. Miнe соларға, Раббылары жақтан жарылқау және марқамет бар. Әpi олар тура жолдағылар» («Бақара» сүресі, 155-157 аяттар) дейді.

Белгілі тәпсір ғалымы Ибн Касир (оған Алла разы болсын): «Жоғарыдағы аяттағы қауіп-қатер, ашаршылық және мал-дүние мен жан санының азаюы – Алла Тағаланың сынағы» дейді. Алла Тағала аяттың соңында сондай сынақтарға қарамастан өзінің Алла Тағалаға тиесілі және Оның бұйрығына бойұсынушы екендігін мойындап, сабыр еткен жанның дәрежесі жоғары болатынын айтады. Ал Жаратушысына бойұсынған пенденің өз-өзіне қол жұмсауы әсте мүмкін емес.

Сонымен қатар эмоциялық күйзеліске себеп болатын нәрсенің бірі –жалғыздық. Яғни кейде адам баласы ешбір адамды дос қылмай бұл дүниенің қиындығын өзі ғана көтеріп, өзі жеңуге тырысады. Алайда мұндай істің нәтижесі оң бола бермейді. Себебі бұл дүниенің қиындығы таусылмайды. Имам Ғазали (Алла оны рахымына алсын): «Бұл дүниенің қиындығына адам баласының жалғыз төтеп беру тым қиын. Сол себептен адамға бауыр қажет», – дейді.  Бұдан түсінетініміз – адам баласына жалғыз өзі өмір сүру жараспайды. Керісінше өмірдің қиындығын бір өзі жинап алмай, бауырыңның жәрдемімен оған төтеп берген жеңіл болары сөзсіз.

Адам баласының өз-өзіне қол жұмсауын өзін және өмірін бағаламауы әрі Жаратушының бұйрығына бойұсынбауы деп түсінеміз. Алла Тағала баршамызды күнәдан сақтап, өміріміздің мәнді болуын нәсіп қылғай!

 

Бахытбек ТӘЖІМБЕТ,

Қостанай облысының бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: