Мен оның өзін емес, күнәсін жек көремін!

Мен оның өзін емес, күнәсін жек көремін!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Кейде адамдардың кейбір оғаш қылықтарын көріп, ішіңізден езіліп кетесіз. Қайсысын алар болсақ та, арзымас айыппен бір-бірлеріне қара күйе жаққан, абыройларын төккен, сырларын әшкере еткен, біреулері арыздасқан, біреулері жала жапқан т.б. сол сияқты көптеген түрлі дау-дамайлар мен жағдайларды ел ішінде де, тіпті телебағдарламаларда да көріп жатамыз.

Бағдарлама демекші, кейде телеарналарымыздың ұсынып жатқан кейбір жобаларына қараша халықтың еш көңіл толмайтынына куә болып жатамыз. Арнайы заң орындарында айтылатын, тіпті сот алдында шешілетін мәселерлер (түрлі дау-дамайлар, отбасылық ұрыс- керістер, құлақтарына сырға таққан жас жігіттер т.б.) бағдарлама ретінде халыққа ұсынылғанына ішің қынжылатыны рас. Реніш, өкпе, нала салдарынан түрлі балағат сөздері де айтылып жатады. Ел боламын десең бесігіңді түзе дегендей, біз кейінгі ұрпақтарға не тәлім-тәрбие берудеміз? Онсыз да ғаламтор ішінен шыға алмай жүрген жастарымыздың болашағы қалай болмақ? Түрлі сыншылдарымыз белсенділіктерін неге осындай кезде өз пікірлермен бөліспейді деген ойлар да туындайды. Тақырыбымызға қатысты болған соң, аздап қозғап өттік. Мақсатымыз мейірім мен мәдениеттің жоғалып бара жатқандығын айтудамыз.

Дін шариғаты мұндай жағдайлардың бәрін мұсылманшылықтан аулақ санайды. Мұсылман мұсылманның бауыры, оған еш залал тигізбеуі керектігі айтылады. Жоғарыдағы келтірілген түрлі жаман қылықтардың орын алуынан шайтан семіреді әрі дұшпанға таба боламыз, бар жоғы сол ғана. Өйткені, шайтанның діттеген мақсаты сол еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде былай деген екен: «Мұсылмандар бір-біріне бауырмалдықта, мейірімділікте, қарым-қатынаста бір бүтін дене іспеттес. Егер оның бір ағзасы ауырса, қалғаны ұйқысыз және ыстығы көтерілуінде онымен бірге болады».(Муслим риуаяты) Басы жарылған адамның басы емес, көз жасы төгіледі. Жүзге ұмтылған жұдырыққа қол қалқан болады. Көзге шашылған құмға кірпік қалқан болады. Мүмін адамдар да сондай болу керек. Бір-бірлерін қорғаштауы керек. Жанына жалау бола білу керек. Біздердің халіміз бүгінгі таңда жоғарыдағы хадиске жанаса ма?

Сахабалардың ішінде Әбу Дарданы р.ғ. білмейтін жан жоқ шығар. Әбу Дарда р.ғ. Мәдина дәуірінде Бәдір шайқасынан соң Исламға кірген болса да, аз уақыт ішінде Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) өте көп нәрсе үйренеді. Омар ибн Хаттаб р.ғ. өзінің халифалығы кезінде Әбу Дарданы р.ғ. Димашққа (Дамаск,Сирия) діни тәлім-тәрбие істері бойынша басшы етіп жібереді. Әбу Дарда Димашқта көшелерді аралап, ел ахуалдарымен танысып, дін тағылымдарын үйретіп жүреді екен. Бір күні ғажайып бір оқиға орын алады. Әбу Дардадан р.ғ. кейінгі ұрпақтарға керемет бір ғибратты сөз қалады. Ол жағдай былайша орын алады. Әбу Дарда р.ғ. күнделікті әдеті бойынша көше аралап жүрсе, топтанып тұрған біраз адамдарды көреді. Қастарына барып қараса әлгі адамдар бір қылмыскерді ұстап алып, әрбір жерінен ұрып, сөгіп, теуіп азап беріп жатыр екен.

Әбу Дарда (р.ғ.): Бұл не қылғандарың? - дейді. Адамдар қылмыскерді жазалап жатқандығын айтады. Әбу Дарда р.ғ. дереу арада олардың бұл әрекетін тоқтады. Егер бұл адам құдыққа түсіп кетсе құтқарып алар ма едіңдер, әлде үстіне су құйып өлтірер ме едіңдер? дейді. Адамдар:

-Құтқарып алар едік. Неге бұлай сұрап тұрсыз?- дейді.

Әбу Дарда: -Олай болса бұл адамды ұрып-соғудан тоқтаңыздар. Қайта оған уағыз-насихат қылып, қатесін түсінуіне жәрдемдесіңдер. Бұның орнына сіздерді қойып қоймаған Аллаға мақтау айтыңыздар!-дейді. Халық:

-Әй,Әбу Дарда! Сіз не бұл адамды жек көріп тұрған жоқсыз ба?-деп таңырқай қарайды.

Сол кезде Әбу Дарда:

-Мен оның өзін емес,қылған күнәларын жаман көремін. Егер ол тәубе қылатын болса, діни тұрғыда ол менің бауырым!-дейді.

Бұл сөз сол жерде тұрғандардың баршасына сабақ болды. Дереу қорытындыға келіп қылмыскерді босатады.

  Құрметі бауырлар! Айыпты адамды дұрыс жолға салудың ислами жолы міне осындай болады. Айыптыны ұрып-соғудан, кемсітуден еш пайда болмайды.

 Сөз соңында айтарымыз, қандай да бір бауырларымыздың (туыс, көрші, дос, таныс т.б.) дұрыс емес істерін байқаған болсақ, оларға мейлінше жұмсақтықпен, мейірімділікпен дұрыс жол жеткізуіміз анағұрлым нәтижелі болары сөзсіз. Бұл іс тәжірибеден өткен. Дін тарихына көз жүгіртіп қарайтын болсақ, өз кезеңінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да зұлымдық жолында жүрген түрлі қауымдарды осындай даналықпен тура жолға шақырғанын да байқаймыз.

Үмбет Сабырханов

"Әл-Хақ" мешітінің имамы

asyldin.kz

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: