Көз тиюдің қалай болатындығы және оның шынайы болмысының қандай екені әлі күнге толық мәлім емес, алайда асыл дініміз ислам кейбір адамдардың көзқарасы салдарынан жағымсыз дүниелердің орын алып жататынын мойындайды. Қасиетті Құранда былай айтылған: «Расында қарсы келгендер, Құранды тыңдаған сәтте, олар көздерімен ішіп-жеп, сені жыға жаздайды.
Және: “Ол анық жынды” дейді. Негізінде бұл Құран әлемдерге насихаттан басқа нәрсе емес» (68:51-52). Пайғамбарымыздың (ﷺ) хадистерінің бірінде: «Көз тиюдің бар екені – шындық» (Бұхари, Тиб, 36). Ал енді бір хадиске сай Пайғамбарымыздың (ﷺ) өңі сарғайып кеткен бір адамды көріп, былай айтқаны келтірілген: «Ол үшін дұға жасаңдар, оған көз тиген» (Бұхари, Тиб, 35). Көз тиюден сақтану үшін Пайғамбарымыз (ﷺ) әдетте «Фәләқ», «Нас» сүрелерін оқыған және өзінің сахабаларына да осы екі сүрені оқуға кеңес берген (Тирмизи, Тиб, 16; Ибн Маджа, Тиб, 32).
Екі жиені Хасан мен Хусейнді көз тиюден және басқа да бәле-құладан сақтау үшін Пайғамбарымыз (ﷺ) мына бір дұғаны оқитын: «Сендерді кез-келген шайтаннан, улы жәндіктерден және жаман көздерден сақтау үшін Алла Тағаланың шүбәсіз сөздерінен пана іздеймін» (Бұхари, Ахадисуль-анбийа, 10; см.: Ибн Маджа, Тиб, 36).
Сондай-ақ, Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан: «Егер кімде-кім оған ұнап қалған нәрсені көріп: «Ма ша Алла ля куууата илля билляһ» («Бәрі Бір Алланың қалауымен, Алладан басқа құдірет жоқ»), - десе әлгі нәрсеге еш зиян тимейді» (Байхаки, Шуабуль-иман, VI, 213).
asyldin.kz