БУЛЛИНГ ЖАРҒА ЖЫҒАР

БУЛЛИНГ ЖАРҒА ЖЫҒАР

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Буллинг – Алла сүймейтін, ұнатпайтын амал. Асыл дінімізде әділдікті ұстауға, өзгені қорқытып, қорламауға ерекше мән берілген. Біреуге әлімжеттілік жасап, ақысына қол сұғу адам баласын осы дүниеде де, ақыретте де сөзсіз зиянға ұшыратары анық.

Алла Тағала Қасиетті Құран аятында: «Сондай-ақ әр жолдың басына отырып алып, ел-жұртқа қоқан-лоқы көрсетпеңдер. Аллаға иман келтіргендерді Алланың хақ жолынан тоспаңдар әрі Исламды қисық жол етіп көрсетпеңдер» («Ағраф» сүресі, 86-аят) деу арқалы буллинг сипатының Ислам ахлағына жараспайтын, мұсылман баласының одан бойын аулақ ұстайтын жаман мінез екенін бізге ескертеді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Аллаға және Қиямет күніне сенген адам бір мұсылманды қорқытпасын», – деген (Табарани).

Ислам шариғаты адам баласын қорлау, қорқыту, оның малына, жанына, арына қол сұғуға болмайтынын, тіпті болмашы нәрседе де жүрекке қорқыныш салмауға, адамның көңілін алаңдатпауға шақырады. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманында мынадай бір оқиға болды. Бір сахаба досы ұйықтап жатқанын пайдаланып оның оқ қабынан бір оқ алады. Әлгі сахаба ұйқысынан шошып оянады. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұны көре салып: «Мұсылманды (кез-келген түрде) қорқыту халал емес» (Табарани) деп бұлай жасаудан қайтарған.

Қазіргі қоғамымызда буллинг тек қана мектеп оқушылары арасында ғана болады деп түсінік бар. Керісінше кез-келген жастағы адам үйде, көшеде, жұмыста, оқу орнында, тіпті әрқандай бір жерде буллингпен ұшырасуы мүмкін. Бүгінгі таңда «күйеуі әйеліне зұлымдық жасапты», «бір мекеменің басшысы жұмысшысына жәбір көрсетіпті», «мұғалім оқушыға зұлымдық етіпті», «сатушы сатып алушыны алдап, қалтасын қағыпты» деген секілді буллингтің түр-түрін құлағымыз шалып қалып жатады. Кейде осындай жайсыз істер біздің де басымыздан өтеді. Осы іс-әрекеттерді көбіміз зұлымдық ретінде білсек, кейбір жандар оны қате түсініп, мықтылық деп қабылдап, өзге мұсылман бауырын ренжітіп, намысын қорлайды.

Буллуниг деген – нағыз зұлымдық. Зұлымдықты тек қана әділдік, жанашырлық, имандылық тоқтата алады. Сол зұлымдық өз басымызға, жанашыр жақындарымызға жасалса не істер едік? Әрине басымызға келгенін қаламаймыз. Сондықтан өзіміз ұнатпаған істі өзгеге де жасалмағанын, өзімізге қалаған жақсылықты өзгеге де қалауымыз керек. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім өзіне қалаған істі басқа мұсылман бауырына қаламайынша, толық иман еткен болып есептелмейді» (Бұхари, Мүслім) деген.

Ғалымдар буллингтің мынадай төрт үлкен түрі болатынын айтқан.

Біріншісі – сөз арқылы болатын буллинг. Біреуге дауыс көтеріп, айқайлап немесе мұқатып, мысқылдап, кекету арқылы зорлық-зомбылық көрсету. Қарсысындағы адамды қорлап, оның ар-намысына тию, сыртынан ол туралы өтірік айту, өсек-ғайбат тарату, оған қарсы дөрекі сөз сөйлеу буллингтің осы түріне жатады.

Бұл мәселеге қатысты Құранда: «Әй, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар да, дұрыс сөз сөйлеңдер» («Ахзаб» сүресі, 70-аят) деп келсе, тағы бір аятында: «(Құлдарыма айт!) Ең сыпайы түрде сөйлесін. Өйткені шайтан араларына бұзақылық салар. Расында шайтан адам баласы үшін ашық дұшпан» («Исра» сүресі, 53-аят) деп бұйырады.

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Алла Тағалаға және ақырет күніне иман келтірсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін!» (Бұхари) деген хадисінде әрқашан жақсы сөз сөйлеуге, дөрекі, бос сөзден аулақ болуға шақырады. Дана халқымыз «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген мақалмен осыны түсініп айтса керек.

Екіншісі – күш көрсету арқылы болатын буллинг. Бұған адамның тәніне зиян келтіру, дүние-мүлкіне зардап әкелу немесе жан-жануарларды қинау, зардап шектіру т.б жатады. Бұл жайында Алла Тағала: «Бір-біріңнің мал-мүлкіңді (тонау, ұрлау, алдап-арбау, қиянат жасау, өсім белгілеу және құмар ойындары секілді) арам жолмен жемеңдер. Сондай-ақ оларды өздеріңе тиесілі болмаған дүниені алу һәм ел-жұрттың дүниесінің бір бөлігін біліп тұрып күнәлі жолдармен жеу үшін (пара ретінде) басшыларға беруші болмаңдар!» («Бақара» сүресі, 188-аят) деген. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылманның мүлкі өзгеге тек оның разылығымен ғана адал болады», – деп өзгенің мүлкіне заңсыз қол сұғуға, оған озбырлық жасап, әлімжеттілік көрсетуден тиған (Байһақи).

Үшіншісі – буллингтің реляцион түрі. Буллингтің бұл түрін кейде «әлеуметтік агрессия» деп те атайды. Яғни бір адаммен жақын қарым-қатынас құру арқылы оған зиян келтіру, кемсіту. Мысалы, отбасылық жағдайда, жұмыс барысында да тіпті өмірлік достық құру кезінде де орын алуы мүмкін. Сондай-ақ реляцион буллингі түсінігіне бір адам басқа бір адамның артықшылығын көре алмай, оның қоғамдағы беделіне нұқсан келтіруді ойлап жасаған әрекетін де жатқызуға болады.

Қоғамда адамдар арасында орын алатын мұндай зұлымдық жайында Алла Тағала Қасиетті Құран аятында былай дейді: «Алла адамдарға әділетсіздік жасамады, олар өз-өздеріне әділетсіздік жасады» («Нахл» сүресі, 33-аят). Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Шынайы мұсылман басқа бір мұсылманға тілімен де, қолымен де зиян келтірмейді» (Мүслім) деп нағыз мұсылмандықтың бейнесін үйреткен.

Төртіншісі – кибербуллинг. Бұл – интернет, телефон, әлеуметтік желі, түрлі сайттар арқылы қоқан-лоқы көрсету жолы. Қазіргі дамыған заманмен қоса буллингтің түрлері де өзгеруде. Әлеуметтік желінің адам баласына берер пайдасымен қоса келтірер зияны да көп. Жағымсыз суреттер жариялап қорлап, адамның ар-намысына әсер ететін жазбалар арқылы қылмысқа итермелеп, тіпті соңы өлімге де апарып соғуы мүмкін.

Бұзақылықтың кез-келген түрі сияқты, кибербуллингті де дер кезінде анықтап, оған тойтарыс беру маңызды. Біз жастарымызға міндетті түрде интернет кеңістігін және ақпараттық технологияларды қалай пайдалану керектігін асыл дініміз бен ұлттық құндылықтарымызды ұштастыра отырып үйретуіміз керек.

Еліміздегі статистикаға қарар болсақ, соңғы уақытта жастарымыздың шамамен 85 пайызы буллингке, әсіресе киберқысымға ұшырайды. Бұл қазіргі заманның үлкен түйткілді мәселесіне айналып отыр. Әсіресе 11-15 жас аралығындағы әрбір бесінші қазақстандық жасөспірім бұзақылықтың құрбаны немесе қатысушысы болады. Мамандардың айтуынша, 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің 17 пайызы айына бір немесе бірнеше рет буллингтің құрбаны болған. Ауылдық жерлерге қарағанда қала мектептерінің оқушылары жиі қорлауға ұшырайды. Сонымен қатар 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің 12 пайыздан астамы кемінде бір рет киберқысымға тап болады.

Қорыта айтқанда, Ислам діні адамзат баласын өшпенділіктен, озбырлықтан, зұлымдық жасаудан, тіпті Алланың жаратқан жаратылысына себепсіз зиян беруден тыяды. Керісінше барлық уақытта жақсылық жасауға, басқаларға көмектесуге, сабырлыққа, жасампаздыққа шақырады. Мұсылман ежелден бері мейірімділік пен көркем мінездің үлгісі болып келеді. Дін ешқашан да адамды жамандыққа үйретпейді. Зорлық-зомбылық сипатындағы барлық іс-әрекеттерді айыптап, дұрыстыққа жол сілтейді.

Алла Тағала баршамызды біреудің ақысына кіріп, өзгенің көз жасына қалуымыздан сақтасын! Әмин!

 

Алмас САҒИДОЛЛАҰЛЫ,

ҚМДБ Талдықорған өңірінің бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: