#Шу: Рухани нәр сыйлаған - рухани кеш

#Шу: Рухани нәр сыйлаған - рухани кеш

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

         Адамзаттың ардақтысы, әлемнің рахым нұры, көркем мінездің үлгісі Мұхаммед Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қанша құрмет көрсетсекте аздық ететіні ақиқат. Ол үмметім деп жұмыр жүрегі шырылдаған  қамқоршы,  жақсылыққа  шақырып, жамандықтан қайтаруды дүниеден өткенше уағыздаған жан.  Сондықтан болмасақ та ұқсап баққанымыз, шамамыз жеткенше жолымен жүргеніміз жөн болмақ.

         Өткен аптаның соңында ауданға қарасты мешіттердің атсалысуымен «Мейірім пайғамбары-Мұхаммед» (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  атты рухани кеш өткен болатын. Аудандық Мәдениет үйінде өткен шараның құрметті қонағы ретінде есімдері елімізге мәшһүр, ислами коучтар, РАНТ мүшелері Ерсін Әміре, Бауыржан Әлиұлы, Оралхан Сейдмановтар қатысты.

         "Төле би" мешітінің бас имамы Талғат Кәрібайұлы Құран аяттарын оқып  кеш шымылдығын түрсе, осы мешіттің алқа мүшесі, ұстаз, қадірлі қария Мұстафа Жалалиев білегін түріп, батасын берген болатын. Оған қала және ауылдық мешіт имамдары, қариялар, аналар, жастар қауымы әумин десіп, салиқалы кешке куә болды.

         Сонан соң сахнаға Алматыдан ат басын бұрып келген Ерсін Әміре шақырылып, құрметті қонақ тақырып турасында толғанып, әсерлі уағызын жария етті. Артынан Абай ауылындағы  «Оспанәлі»  мешітінің имамы Бағдәулет Оңғарбаев қазақтың қара домбырасымен терме орындап көпшілікті тәнті етсе,  Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы дайындаған  бейне ролик жиналғандардың жүрегін елжіретті.

         Әнші-сазгер Ербосын Қасымбектің орындауындағы  құмар ойыннан қайтару мақсатындағы «Казино» әні де көрерменге ой салды.  Сонымен қатар шулық актерлар Мақсат Шомаев, Елдос Мамықбай, Марлен Азаматов, Нұржан Амангелдіұлы, Жансерік Мұсақұлдар «Өнер қырандары» театрының репертуарынан  көрініс қойып, күлдіре отырып  мешіт салудағы ниет пен қажетті әрекетерді  түсіндірді.

Балуан Шолақ ауылындағы «Қойайдар» баба мешітінің  имамы Аян Байтұрғанұлы мен «Төле би» мешітінің азаншысы Ибрагим Мұстафаұлы мәуліт жырының арабша және қазақшасын паш етіп, соңғысын қара домбырамен  шырқады. Залдағылар тік тұрып, Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтып, сәлемін жеткізді.

Мазмұнды ән, мағыналы термелерден кейін РАНТ мүшесі, PhD Докторант Оралхан Сейдманов та жүрекке жететін інжу-маржанымен бөлісіп, насихатын арнады. 

Кеш соңында Шу ауданының бас имамы Бахтияр Әміреев қорытынды сөзін айтып, шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқандарға алғыс білдірді. Ат арылтып келген меймандарға да ризашылық білдіріп, алдағы уақытта асыл дінімізді айшықтайтын шаралар ұымдастырылып тұратынын жеткізді.

Сонымен қатар, 150 адамға құрма, «Сахабалардың Пайғамбарға  деген сүйіспеншілігі» атты кітап, газет, журнал  түріндегі  сыйлық таратылды.  Рухани кеш соңы дастарханға ұласып, белгілі  қонақтар тағы да нәрлі насихаттарын ақтарып, ақсақалдардың, ауыл имамдарының алғысына бөленді.

Шу аудандық «Жәми» мешітінің баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: