Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннет жолы

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннет жолы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Бізді жоқтан бар еткен сансыз нығмет берген Аллаға сансыз мақтаулар, сансыз шүкірлер болсын. Пайғамбарымыз Мұхаммет Мұстафаға (с.ғ.с.) Алланың игілігі мен сәлемі болсын. Сүннет бұл Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)-ның ізімен жүру. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөзі, әрекеті және шешімі деген сөз.

Сүннет, парыз бен уәжіптен бөлек, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жасаған және жасауды насихат еткен іс әрекеттер. Сүннет амалын орындаған сауапқа кенеледі, ал орындамаған күнәһар болмайды. Алайда сүннетті орындамаған әдейі тәрк еткен болып Пайғамбардың (с.ғ.с.) шапағатынан мақұрым қалады. Алла қасиетті Құранда "(Уа Пайғамбар!) Егер де Алланы жақсы көрсеңдер, онда маған ілесіңдер. Сонда Алла да сендерді жақсы көріп күнәларыңды кешіреді. Өйткені Алла - Аса Кешірімді һәм Мейірбан" деп айт. Ал олар теріс айналса, расында, Алла кәпірлерді ұнатпайды!" "Аллаға және елшіге бағыныңдар, бәлкім, рақымға бөленерсіңдер"( Әл Имран, 132-аят.) " Бұрын анық адасуда болса да, оларға аяттарын оқып, оларды (күпірліктен) тазартып, Кітап /Құран/ мен даналықты /сүннетті/ үйрететін бір елшіні өз араларыңнан жіберуі арқылы Алла мүмйндерге зор нығмет берген еді" ( Әл Имран, 164-аят).

Әл-Ирбат ибн Сариядан (р.а.):" Бір күні Алла елшісі (с.а.с.) бізбен намаз оқыды. Сонан соң бізге жүзін бұрып, өте әсерлі уағыз айтты. Оның уағызынан көздер жасқа толды, жүректер діріл қақты.  Сонда біреу: " Уа Алланың елшісі! Бұл қоштасқалы тұрған адамның уағызы сияқты? Енді бізге нені өсиет етесіз?"- деді.

Сонда Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Сендерге Алладан қорқуды, және хабашилық қара құл сендерге басшы болса, оны тыңдап, бой ұсынуды өсиет етемін. Расында менен кейін сендердің араларыңда өмір сүретін адамдар көптеген қайшылыққа түседі. Сонда сендер менің сүннетім мен тура жолдағы әділ халифалардың сүннетіне берік болыңдар, оны мықтап ұстаныңдар, оған азу тістеріңмен жабысыңдар. Сендерді істердің жаңашылдықтарынан сақтандырамын. Өйткені әрбір жаңашылдық - бидғат, әрбір бидғат - адасушылық, ал әрбір адасушылық тозаққа сүйрейді"- деді (Әбу Дәуід).

 Сүннет болса сөздікте «жол, жүріс-тұрыс, әдет, адам табиғаты, мінез-құлқы» дегенді білдіреді. Құран Кәрімде ол жекеше түрде 14, көпше түрде 2 жерде кездеседі. Сүннет сөзі көбінесе «сүннәтуллаһ» (Ахзаб сүресі, 62; Му’мин сүресі, 85), «суннәтунә» (Исра сүресі, 77), «суннәту мән...» (Исра сүресі, 77), «суннәтул-әууәлин» (Әнфәл сүресі, 38) сияқты сөз тіркестерінде қолданылған.

Құранда бұл сөздің негізінен екі мақсатқа орай қолданылғанын көруге болады:

1) Бұрынғы үмбеттердің, қауымдардың жүрген жолдары, қарым-қатынастары, үкімдері, жаза түрлері;

2) Алланың заңы, бұлжымас қағидасы. Хадистерде де сүннет сөзі әртүрлі сөз тіркестерінде, көбінесе «жол, әдет» мағыналарында берілген.

 Сүннет құрылымы тұрғысынан үшке бөлінеді: ауызша сүннет, іс-әрекеттік сүннет, тақрири сүннет. Ауызша сүннет – Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөздері, ол хадис деп аталады. Іс-әрекеттік сүннет – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) орындаған іс-әрекеттерін білдіреді. Ал тақрири сүннет – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көрген ісі төңірегінде үндеместен, оны мақұлдағанын көрсетеді. 

Пайғамбардың сүннеті – өмір сүрудің бір жолы. Басқаша айтқанда, сүннет – Құран Кәрімнің хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) тарапынан жүзеге асырылған өмір сүру салты. Сондықтан, оған жәй ереже деп қарамау керек. Пайғамбар (с.ғ.с.) бізге  көрсетпеген  бірде –бір игілік жоқ. Және ол біздің ояу кезде де, ұйқыда да, намазда да, қызметте де Аллаға ұнамды амал жасауымызды тілеп, ең керемет әдептерді үйретіп кетті. Мұсылман сондай  бақытты пенде, ол ораза, намаз секілді құлшылықтарымен ғана емес, күнделікті тұрмыста жасайтын әдеттері арқылы сауап теріп алады. 

Сүннет – адамдардың ақыреттегі шаттықтары үшін үстіне төгілген қан-жынға, басына тігілген алтын мен ақшаға, денесіне жауған тастар мен өміріне төнген қауіп-қатерлерге қарамай, мақсатына қарай жылжи беру.
Осындай саф сүннетін ұстанған мұсылман үмметі қос дүниеде бақытсыз болып қалуы мүмкін емес. Алла баршамызды Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), лайықты үммет болуды жазсын!

Қуаныш  Исмаилов 

 Жамбыл ауданы  Құмтиын ауылы

 "Ботабай" мешітінің имамы   

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: