Нағыз мұсылман тұратын үйдің 11 белгісі

Нағыз мұсылман тұратын үйдің 11 белгісі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

«Алла (Т.) сендерге үйлеріңді тұрақ қылды» (16:80). Мұсылманның үйі оның ислам дінін қаншалықты ұстанатындығының көрінісі болып табылады. Негізінде, сіздің үйіңіз нағыз мұсылман тұратын үй болып табылады, егер сіз келесі 11 белгіге мақұлдап жауап бере алсаңыз: 1. Мен жұбайымды дұрыс таңдадым. Мұсылманның үйі жұбайын дұрыс таңдаудан басталады. Тақуа жұбайды таңдаудың маңыздылығы жөнінде көптеген хадистер келтірілген.

2. Мен жұбайымды дұрыс жолмен жүргізудемін. Нағыз мұсылман тұратын үйдегі ерлі-зайыптылар өздеріне жүктелген міндеттерді лайықты түрде орындап, бір-біріне тек жақсы қарым-қатынас көрсетеді. Бұл дегеніміз, жұбайына дұрыс бағыт-бағдар көрсету, оның иманын нығайту, құлшылығына көңіл бөлу, бірігіп Құран оқу, таңертеңгі намазға ояту, қайырымдылықпен айналысу, дұрыс жақсы достарды таңдау. Иман – әлсіреп, нығайып отыратын болғандықтан өзіңіздің және жұбайыңыздың иманының нығайып отырғанына көп көңіл бөлу аса маңызды.

3. Біздің үйіміз – Алла Тағаланы еске алатын орын. Алла Тағаланы жүрекпен, сөзбен, құлшылықпен, Құран оқумен, ислам тақырыбына арналған кітаптарды оқып, талқылаумен еске алуға болады.

4. Біздің үйіміз – құлшылық жасайтын орын, яғни бес уақыт намаз бұл үйде міндетті болып табылады.

5. Біз үнемі үйімізді шайтаннан қорғайтын Құран оқимыз, әсіресе «Аятүл Күрсіні». Пайғамбарымыз (ﷺ) былай айтқан: «Үйлеріңде «Бақара» сүресін оқыңдар, сонда шайтан сендердің үйлеріңнің маңайын баса алмайды». Құран – мүмін өміріндегі басты кітап.

6. Үй – сүйіспеншілік пен өзара түсіністікке толы орын. Құран оқылатын және Алла Тағаланың бұйырғандары орындалып тұратын жерде өкпе-ренішке, зұлымдыққа орын жоқ. Мұндай үйде тыныштық, сүйіспеншілік, сыйластық, жан жарасымдылығы ғана бар.

7. Біздің үйде ислам кітапханасы бар. Мұсылман үнемі ілім алуға талпынып жүреді. Сол себепті кез-келген мұсылманның үйінде кітапхана бар. Сондай-ақ, Құранның араб тіліндегі аудиожазбасының және балаларға арналған материалдардың болғаны нұр үстіне нұр.

8. Біздің үйімізде үйге қатысты сүннет орындалып тұрады. Нағыз мұсылман тұратын үйде Пайғамбарымыздың (ﷺ) үйге қатысты сүннеті

орындалып тұрады, мысалы үшін, үйге оң аяқпен кіру, сәлем беру, үйге кірердің алдында рұқсат сұрау, үйде жалғыз қалу, меймандардың құқығының сақталуы және т.б.

9. Үйімізде қонақтарды қуана қарсы аламыз. Мұсылманның үйіне тақуа адамдар шақырылады. «Раббым! Мені, әке-шешемді, мүмін болып үйіме кірген кісіні және мүмін ерлер мен мүмін әйелдерді жарылқа!.. (71:28). Біздің үйімізге келетін тақуа жандар баспанамызға тек жақсылық пен береке әкеледі, себебі олар ілім иелері әрі жөні түзу хақ тақырыпта ғана әңгімелеседі. Үйімізге тақуа адамдар келсін деп Алла Тағаладан сұрауымыз қажет.

10. Біздің үйімізде ішіп-жемге, мінез-құлыққа, суреттерге, мүсіндерге қатысты тыйым салынған ештеме жоқ; интернет, телефон мен теледидар тек жақсы мақсатта ғана қолданылады.

11. Мұсылманның үйі әрдайым таза әрі тап-тұйнақтай жинақы. «Тазалық – иманның жартысы» делінгендей, нағыз мұсылман адамның жаны да, тәні де және тұратын үйі де таза, ұқыпты, жинақы болуы керек.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: