Шынайы жасалған дұға адам жанына тыныштық ұялатады. Түрлі сырқаттарда, эмоционалды күйзелістер кезінде дұға ерекше тиімді. Зерттеулердің нәтижелеріне қарап отырсақ, дұға адам баласының
рухани саулығына жағымды әсер етеді екен. Алла Тағаланы танып-білген, дінге жуық адамдардың торығу мен күйзеліске ұшырауы кемде-кем, алайда күйзеліске ұшырап жатқан күннің өзінде олар оңай әрі жылдам түрде мұндай күйден арылып алатыны белгілі. Негізі, дұғаның жан ауруларын емдеуде зор маңызы бар. Дұғаның күші тартылыс күшінен кем емес. Адамдардың жан ауруынан, Алланың қалауымен, тек дұғаның күшімен, тек дұғаның арқасында ғана жазылып жатқандарына көптеген оқиғалар куә. Күнделікті шынайы түрде дұға жасап жүрсек, өміріміздің өзгергенін көретін боламыз. Алла Тағала біздің дұғаларымызға жауап беріп, біз қиындықтардан құтылып, бойымызға жайылған дерттен арылатын боламыз, ин ша Алла. Қасиетті Құранда Алла Тағала былай айтқан: «(Мұхаммед Ғ.С.) оларға: “Егер құлшылықтарың болмаса, Раббым, сендерді неге бағаласын?» (25:77). «(Мұхаммед Ғ.С.) егер құлдарым, Мен туралы сенен сұраса: «Өте жақынмын, қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін» (2:186). «Раббыларың: “Маған жалбарыңдар! Тілектеріңді қабылдаймын...» (40:60). Расында, Алла Тағала бізге Оған жалбарынсын деп бұйырған. Пайғамбарымыздың (ﷺ) былай айтқаны келтірілген: «Асылында, Алла – Ұялшақ. Ол Оған жалбарынып жатқан құлының қолдарын бос қайтаруға ұялады» (Әбу Дәуд, Тирмизи, Ибн Маджа). Күнделікті бес уақыт намазымызда «Фатиха» сүресін оқуда: «Саған ғана құлшылық қыламыз, әрі Сенен ғана жәрдем тілейміз», - деп айтпаймыз ба?
Біздің қажеттілігмізді өтеп, мұқтаждығымызды қанағаттандыратын кім? Сөзсіз, Жалғыз Алла Тағала. Күллі күш-қуат, құдірет тек Оған ғана тән. «(Мұхаммед Ғ.С.) егер Алла саған бір зиян жеткізсе, сонда оны Алладан басқа айықтырушы жоқ. Ал егер саған бір жақсылық қаласа, оның кеңшілігін тойтарушы жоқ. Ол, оны құлдарынан қалаған кісісіне береді. Ол өте жарылқаушы, ерекше мейірімді» (10:107). Демек, барлық нәрсені – жүрегіміздегі иман мен жан тыныштығынан бастап, бәтеңкеміздің бауына дейін тек Алла Тағаладан ғана сұрауымыз керек!
asyldin.kz