Төменде сіздер Әбу Ханифа кітаптарының бірінде келтірілген үзіндімен танысасыздар.
Шәкірт: – Алла Тағала шірктен басқа тағы қандай күнәлар үшін міндетті түрде жазалайтынын білесіз бе? Әлде барлық күнә кешіріледі деп санайсыз ба? Әлде бір күнәларды Алла кешіреді, ал енді бір күнәларды Алла кешірмейді деп санайсыз ба? Онда қандай күнәлар кешіріледі? Түсіндіріп беріңізші.
Ғалым: – Көп құдайға табынушылықтан басқа міндетті түрде Алла Тағала жазаға тартады деген күнәлар жайында маған ештеме аян емес. Қыбла адамдарының біреуі жайында Алла Тағала оларды міндетті түрде жазалайды деп айғақ келтіре алмаймын. Күнәлардың кейбірінің
кешірілетіндігі жайында білемін, бірақ дәл қайсысы екендігі маған мәлім емес. Алла Тағала Қасиетті Құранда: «Егер сендер тыйым салынған нәрселердің үлкенінен сақтансаңдар, сендердің жамандықтарыңды жасырып, өздеріңді құрметті орынға кіргіземіз» (4:31) деп айтты емес пе? Үлкен күнәлардың қайсысы кешіріліп, қайсысы кешірілмейтіндігі жайында маған ештеме мәлім емес. Алла Тағала көп құдайға табынушылықтан басқа күнәларды кешіреді деп шамалаймын. Себебі Алла Тағала Құранда былай айтқан: «Алла (Т.) өзіне ортақ қосылуды жарылқамайды да, бұдан өзге қалаған кісісін жарылқайды. Сондай-ақ кім Аллаға ортақ қосса, расында жала қойып, зор күнәлы болды» (4:48). Алайда Алла Тағала кімге кешірім беріп, ал кімге кешірім бермейтіндігін мен біле алмадым.
asyldin.kz