Зинадан да жаман амал

Зинадан да жаман амал

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Біздің асыл дініміз исламда мүмінді Жұмақтан құр алақан қалдыратын күнә бар. Ол - өсек. Өсек дегеніміз не? Қасымызда жоқ адам жайлы оның беделіне нұқсан келтіретін немесе оған ұнамайтын жағымсыз азғана болса да сөз ету. Адамзат баласы сонау заманнан өзін өзгелермен салыстырып, өзгелерді сөз етіп, өсек-аяң таратуда.

Өзгелерді сөз ету – кез-келген адам үшін ең үлкен азғырынды амалдардың бірі, бірақ өсек ислам дініне мүлде қарама-қайшы дүние. Қасиетті Құранда өсек тартуға қатаң тыйым салынған: «Әй мүміндер! Күмәнның көбінен сақтаныңдар. Өйткені, күмәнның кейбірі күнә. Сыр тексермеңдер, біреуді-біреу ғайбаттамасын. Біреулерің өлген туысының етін жеуді жақсы көре ме? Әрине оны жек көресіңдер. Расында Алла тәубені тым қабыл етуші, ерекше мейірімді» (49:12).

«Сол уақытта өсекті ауызекі жалғастырып, білмеген нәрсені айта отырып, оны жеңілге сайдыңдар. Ол, Алланың қасында зор іс еді» (24:15). «Бүкіл қорлаушы, өсекшіге нендей өкініш!..» (104:1). Құранда өсек тарату, ғайбат айту – өзге адамның етін жеумен салыстырылады. Енді көзіңізге елестетіп көріңізші – нендей жиіркенішті, нендей үрейлі көрініс. Егер адам баласы өсек айтудың нендей сұмдық дүние екендігін расымен түсіне білсе, өзін өсектен тыю үшін қолдан келер барлық мүмкіндікті қолданар еді. Ендеше, біреу туралы жаңалық айтыла бастаған жерден бойды аулақ ұстағаннан абзал нәрсе жоқ. Егер кімде-кім біреу жайында айтылған нәрсенің дұрыс-бұрыстығына көзін жеткізіп алмай, басқа біреулерге жеткізетін болса, онда оның қылмыс жасағаны. Құранда былай айтылған: «Әй мүміндер! Бұзық біреу хабар келтірсе, оны анықтаңдар. Әйтпесе білмей бір елге кесірлерің тиіп, істегендеріңе өкінесіңдер» (49:6).

Әбу Саид әл-Хадими былай келтірген: «Бір адам Хасан әл-Басриге (р.а.): «Біреу сен жайында өсек айтты!» - дейді. Хасан әл-Басри (р.а.) әлгі өсек айтқан адамға бір тәрелке құрма жіберіп: «Маған жақсы амалдарыңды сыйлапсың ғой, сол үшін алғысымды білдіремін, бірақ мен саған ондай жақсылық жасай алмайтыным үшін кешірім сұраймын», - деп айтқан екен («Танбихуль-гафилин, 1/164). Әр кез біреуді сөз ету арқылы біз өз иманымызға зиянымызды тигіземіз. Жұмыр басты пенде мүлтіксіз емес, қателік те, кемшілік те жібереді және де бірінен бірі артық емес. Нағыз мәртебені тек Алла Тағала ғана анықтайды әрі тек Ол ғана бізге төрелік жүргізе алады. Өсек, ғайбат айту арқылы біз қанша жыл маңдай термен жинап-терген сауаптарымыздан айырылып қаламыз. Осман (р.а.) былай айтқан: «Өсекші үш адамға зиянын тигізеді: өзіне, айтып отырған адамға және өсектеп отырған адамға». Алла Тағала адам баласының басында,

жүрегінде туындайтын ойлар мен сезімдердің бәрін біледі. Өсек тарату зина жасау сияқты сұрқия күнә болып табылады, бұл жөнінде Пайғамбарымыз (ﷺ) былай айтан: «Өсек зинадан да жаман». Одан (ﷺ): «Қалайша өсек зинадан жаман болмақ?» - деп сұрайды, сонда Алла Елшісі (ﷺ): «Егер зина жасаған адам Алладан кешірім сұраса, Алла Тағала оны кешіреді, ал өсекшіні өсек айтқан адам кешірмегенше, ол кешірілмейді» (Табарани).

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: