ПАЙҒАМБАРЫМЫЗҒА ДЕГЕН СҮЙІСПЕНШІЛІК

ПАЙҒАМБАРЫМЫЗҒА ДЕГЕН СҮЙІСПЕНШІЛІК

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мұсылмандар анасы Айшаның жиені, табиғин Ұруа бин Зұбайыр Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мінез-құлқын айтып беруін сұрайды. Сонда Айша анамыз:«Сен Құран оқымайсың ба? Оның мінезі Құран еді», – деген екен. Ұруа ешбір күнін Құран оқымай өткізбейтін ғалым еді. Демек ардақты Пайғамбардың әрбір сөзі мен ісі Құранның көрінісі болған.

Құран Кәрімде: «(Уа, Мұхаммед! Адамдарға): «Егер Алланы шынжақсы көрсеңдер, маған ілесіңдер. Сонда Алла Тағала сендерді жақсы көріп, күнәларыңды кешіреді», – деп айт» («Әли Имран» сүресі, 31-аят) дейді. Демек әлемдердің Раббысына деген махаббат Пайғамбар жолын ұстанумен болмақ. Ал Пайғамбарды жақсы көрген жан Алла Тағаланың сүйіспеншілігіне бөленеді. Міне, осыны жоғарыдағы аят сүйіншілеуде.

Ғалымдар «Алла елшісіне мадақ айтып, қадірлеп құрметтеу тұтас дінді мадақтап, қадірлеу болмақ. Пайғамбарды құрметтемеу – тұтас дінге құрметсіздік» деп тұжырымдаған. Әнас (р.а) риуаят еткен хадисте: «Сендер мені ата-аналарыңнан, бала-шағаларыңнан және барша адамнан артық жақсы көрмейінше, кәміл иманды болмайсыңдар», – деп айтылған (Бұхари). Ендеше пайғамбарға деген сүйіспеншілік қалай болмақ? Оның тұлғасын танымай, өмір жолын оқымай жақсы көру мүмкін емес. Пайғамбарға деген сүйіспеншілікті оның көзін көрген сахабалардан үйренуіміз керек.

Меккеде мұсылмандардың жағдайы қиындап кеткен шақ болатын. Адамдар иман еткені үшін қысым көретін. Пайғамбарымыз Ясрибтен Қағбаға тауап етуге келген кісілермен кездесіп, оларды иманға үндеді. Олар мұсылман болып, Пайғамбарды өз қаласына көшіп келуге шақырды. Содан кейін Алла елшісі мұсылмандарға қауіпсіз қала Ясрибке хижрет етуді бұйырды. Осылайша ұлы көш басталды. Әбу Бәкір де көшпек боп рұқсат сұрады. Сонда Пайғамбарымыз: «Асықпа, Алла саған бірге шығатын серік беріп қалар», – деп кідіруін сұрады. Көп өтпей-ақ көктен Пайғамбарымызға хижрет ету бұйрығы келді. Уахиды Әбу Бәкірге айтқанда: «Уа, Алла елшісі сізге серік боламын ба?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз: «Иә, серік боласың», – деді. Айша анамыз: «Уаллаһи, сол күні әкем Әбу Бәкірдің жылағанын көрмейінше кісі қуаныштан жылайды деп ойламадым», – дейді (Бұхари).

Худайбия келісімі мұсылмандардың жаңа кезеңге аяқ басуына ықпал етті. Сахабаларымен Меккеге бет алған Пайғамбарға мүшріктер қалаға кіріп, кіші қажылық жасауына үзілді-кесілді қарсы болды. Худайбияда бірқатар келіссөздер жүрді. Мекке тарапынан елші боп келген Ұруа бин Масғұд сахабалардың Пайғамбарға деген құрметіне тәнті боп: «Уаллаһи, мен көптеген патшалардың қабылдауында болдым. Батыстың да, шығыстың да патшаларын көрдім. Бірақ Мұхаммедті жолдастары қадірлеп, құрметтегені сияқты ешбір патшаның ұлықталғанын көрмедім», – деген екен (Бұхари).

Бадр шайқасы қарсаңында мұхажир және ансар сахабалардан Пайғамбарымыз: «Не ойларың бар, жасырмай айтыңдар?» – деді. Сол кезде Әбу Бәкір Пайғамбар көңілінен шығатын сөз айтты. Артынан Омар сөйледі. Үшінші боп Миқдад ибн Амр сөйледі. Үшеуі де мұхажир сахабалар еді. Пайғамбарымыз тағы да: «Ойларыңды айтыңдар», – деді. Сонда ансарлардың туын көтерген Сағд бин Мұғаз: «Уа, Алла елшісі! Сіз біздің ойымызды білгіңіз келіп тұрған сияқты. Біз сізге иман еттік. Сіз әкелген дін ақиқат деп куә болдық. Сізге құлақ салып, бағынамыз деп уәдемізді бердік. Уа, Алла елшісі! Бізді өзіңіз қалаған іске салыңыз. Сізді ақиқат дінмен жіберген Алла атымен ант етейін, сіз теңізге батсаңыз біз де біріміз қалмай соңыңыздан еріп теңізге батамыз. Ертең жаумен бетпе-бет келуден қорықпаймыз. Біз шайқаста сабырлымыз, жауға қарсы келгенде сөзімізді растаймыз. Ертең бізге көңіліз толатын жайтты Алла көрсетер. Алланың берекетімен бізді бастап шығыңыз», – деп шексіз сүйіспеншілігін көрсеткен болатын (Табарани). Хазреті Әлиден: «Алла елшісін қалай жақсы көрдіңіздер?» – деп сұрағанда, ол: «Уаллаһи, ол кісі бізге өзімізден де, мал-дүниемізден де, бала-шағамыздан да, әкеміз бен анамыздан да жанымызға жақын еді», – деген екен.

Сәубан деген Пайғамбарымыздың қызметшісі бар болатын. Оның Пайғамбарымызға деген сүйіспеншілігі ерекше еді. Оның ұзақ уақыт көрмей қалса, ұнжырғасы түсетін. Бір күні ол өңі бозарған, жүзінен мұң байқалған күйде келеді. Алла елшісі: «Түріңе не болған?» – деп сұрады. Сонда Сәубан: «Уа, Алла елшісі! Менің ешбір сырқатым жоқ. Бірақ сізді көрмесем, жалғызсыраймын. Ақыретте сізді көре алмаймын деп ойласам, тұла-бойымды қорқыныш билейді. Сіз Пайғамбарлардың жанында боласыз. Маған жәннат бұйырса да,сіздің мәртебеңізден әлдеқайда төмен жерде боламын. Ал жәннатқа кіру нәсіп етпесе, мәңгілікке сізді көрмеймін», – деп мұңын айтқан екен. Сәубанның шексіз сүйіспеншілігі құрметіне «Кімде-кім Аллаға және Пайғамбарына лайықты түрде мойынсұнса, солар жәннатта Алланың шексіз нығметіне бөленген пайғамбарлармен, сыддықтармен, шейіттермен және ізгі жандардың жанында болады. Бұлар қандай керемет жолдастар десеңші!»(«Ниса» сүресі, 69-аят) деген аят түскен екен.

Амр бин Ас (р.а) ақылды, парасатты кісі еді. Құрайыштың мүддесін көптеген патшалар құзырында қорғаған саясаткер болатын. Ол бастапқыда мұсылмандарға көп қысым жасағандардың бірі еді. Дүниеден өтер алдында баласына: «Алла елшісін менен артық жек көретін адам жоқ еді. Сол шақта мүмкіндік тауып, оны өлтіруді қаладым. Егер сол күйімде өлсем, мен тозаққа барар едім. Алла жүрегіме иман сыйлағанда Пайғамбарға келіп: «Қолыңызды беріңіз, серт етемін», – дедім. Оң қолын созған кезде қысып ұстап алдым. «Ей, Амр не болды?» – деп пайғамбарымыз сұрағанда, мен: «Бір шартым бар», – дедім. «Ол не шарт?» – дегенінде, «Күнәмнің кешірілуін қалаймын», – дедім. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сен білмеуші ме едің, Ислам өзінен алдыңғыны толықтай жояды. Һижрет те өзінен алдыңғыны жоқ етеді. Қажылық та өзінен алдыңғыны жояды», – деген еді. Сол күннен бастап мен үшін Алла елшісінен сүйікті кісі болмады. Менің көзімде одан қадірлі жан жоқ еді. Оны ерекше құрметтегеніммен дидарына тік қарауға дәтім жетпейтін. Біреу Пайғамбарды суреттеп бер десе, жүзіне тік қарамағандықтан, суреттеу қолымнан келмейтін еді», – деп айтқан екен (Мүслім). Міне, бұл – сахабалардың сүйіспеншілігінің теңіздің тамшыдай ғана көрінісі.

Имам Бұхари кітабында Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сауыты, аса таяғы, қылышы, кесесі және жүзігі жайлы риуаяттар бар. Сонымен қатар Пайғамбарымыздың шашы, аяқ киімі және ыдысын халифалар мен басқа сахабалардың қалай тәбәрік етіп бөлісіп алғаны жайлы деректер жазылған.Табиғин Иса бин Тахман: «Әнас (р.а) бізге теріден жасалған аяқ киімді көрсетті. Бұл Алла елшісінің кебісі еді» деді (Бұхари).  Табиғин Әбу Бурда: «Айша (р.а) анамыз тозып кеткен киімді алып шығып көрсетті де: «Пайғамбарымыз көз жұмғанда үстінде осы киім болатын», – деді (Бұхари). Табиғин Асым Ахуал: «Әнас бин Маликтен Пайғамбарымыздың кесесін көрдім. Кесе шытынаған екен, күміспен қаптап қойған. Әнас (р.а.): «Осы кесемен Алла елшісіне талай рет су бердім» деп айтты», – дейді (Бұхари, Мүслім). Әбу Бәкірқызы Әсмә (р.а) бір шекпенді көрсетіп: «Мынау Айшаның қолында болатын. Ол қайтыс болған соң мен алдым. Оны Пайғамбарымыз киген. Осы шекпенді суға салып, сол сумен науқастарды жуындырамын. Олар емделіп кетеді» деп айтқан (Мүслім).

...Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жер бетіне жіберілуі – үлкен нығмет. Ардақты Пайғамбарымыз бақилық болған соң сахабалар ол жайлы естеліктер айтып, сағынышын басатын. Сахабалар мен табиғиндер Пайғамбарымызға деген сүйіспеншілікпен өмір сүрді. Олардың әрбір ісі сүннетке сай еді. Олардың әр сөзі мен әрекетінен Пайғамбарымызға деген ерекше құрмет, сағыныш сезіліп тұратын. Сондықтан екі дүние сұлтанының өмірін оқу және жұртшылыққа насихаттау аса маңызды.

Бернард Шоу: «Әлем Мұхаммедтей тұлғаға өте мұқтаж. Қазіргі таңда әлем тізгінін Мұхаммед қолына алса, біздің барлық мәселеміз бейбіт түрде шешілер еді», – дейді. Британ жазушысы әрі тарихшы Томас Карлайл: «Мұхаммедтің табиғаты риядан және жасандылықтан таза болғаны үшін жақсы көремін» деп жазады.

Бүгінгідей құндылықтар құлдырап, жетімнің күнін кешіп жатқан заманда кемел адам бейнесіндегі ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірін насихаттау әрі жас пен кәріге үйрену ауадай қажет. Тарихы терең мерейлі мәуліттің мақсаты – Пайғамбардың өнегелі өмірін ел-жұртқа жеткізу. Мың сырлы сүннетін адамдарға насихат ету. Кешегі ата-бабамыз Мәуліт айында бас қосып, Құран тиләуат етіп, Баржанзидің мәуліт жырын оқып, салауат айтып Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген махаббатын білдіретін. Ендеше бүгінгі біздің мақсатымыз да осы ізгі жолды лайықты түрде жалғастыру болмақ.

 

Төлеби ОСПАН,

Алматы қаласының бас имамы

«Мұнара» газеті, №20, 2021 жыл 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: