ОТБАСЫ ІЗГІЛІКТІҢ ОШАҒЫ БОЛСА...

ОТБАСЫ ІЗГІЛІКТІҢ ОШАҒЫ БОЛСА...

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Отбасы құндылығын арттыратын игі амалдың бірі – ата-ананы қадірлеу. Алла Тағала қасиетті Құранда әке-шешеге қалай құрмет көрсету керек екенін баяндаған: «Раббың өзіңе ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық жасауларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жаныңда кәрілікке жетсе, Оларға «Түһ» деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ оларға зекіме де және ол екеуіне сыпайы сөз сөйле. Ол екеуіне кішірейіп, мейірім құшағын жай да: «Раббым! Олар мені кішкентайымда тәрбиелегеніндей Сен де оларды рахым-мейіріміңе бөлей көр!» де» («Исра» сүресі, 23-24-аяттар). 

Алла Тағала ата-анамызға дауыс көтеру былай тұрсын оларға кейіс білдірмеуді бұйырған. Ата-анасының батасы мен разылығын алмаған баланың бағы жана қояр ма? Майлықожа жырау:

Қарамай кетсең анаға,

Қаларсың босқа табаға.

Ата-ана көңілін қалдырған,

Баланың бағы жанар ма? – деп жырлаған екен.

Отбасына жақсы қарау – ізгіліктің бастауы. Аптаның кем дегенде бір күнін отбасына арнаған абзал. Өйткені баламен сұхбаттасу, онымен ойнау, жарыңмен сырласу, баланың болашағына қатысты жұмыстарды жоспарлау, т.б. амалдар шаңырақтың шырайын кіргізіп, берекесін арттырады. Жұмысбастылық отбасылық жоспардан үстем болмауы тиіс. Өйткені, отбасы – бәрінен биік тұратын құндылық.

Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыз бір хадисінде: «Сендердің ең ардақтыларың − жарлары мен балаларына жақсы қарағандарың. Араларыңда отбасына ең жақсы қарайтын менмін» – деген. Үй шаруаларына көмектесу, баланың сабағына араласу, оның мектептегі жиналысына қатысу, үйірмелерге апару, отбасы мүшелеріне сыйлық беру, отбасымен саяхаттау, т.б. амалдар сүйіспеншілік пен бауырмалдықты арттырады.

Ерлі-зайыптылар бірін-бірі психологиялық әрі биологиялық тұрғыдан толықтыра түседі. Бұл – Алланың адамға жасаған мейірімі. Бұған Құрандағы мына аят дәлел: «Сендерді бір адамнан жаратқан да, әрі көңілі жай табуы үшін оған жұбай сыйлаған да Алла» («Ағраф» сүресі, 189-аят).

Отбасындағы бала тәрбиесі де – маңызды амалдың бірі. Біздің халықта бала тәрбиесіне қатысты қағида қалыптасқан: «Бес жасына дейін баланың құлы бол, бес жас пен он бес жас аралығында оны құлыңдай жұмса, он бес жастан кейін досыңдай сырлас».

Бұл – бала тәрбиесіндегі басты құндылықтар. Жүсіпбек Аймауытов бір сөзінде: «Тәрбиеге әсер беретін нәрсе: баланы жан-жақты білу керек», – деген екен. Баланы дұрыс білу, қарым-қабілетін жан-жақты тану, көңіл-күйін аңғару, мұның бәрі оны тәрбиелеуге, былайша айтқанда жақсы басқаруға оң әсер етеді.

Мұсылманның мақсаты – иманды, ізгі ұрпақ тәрбиелеу. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір өсиетінде: «Балаға әкенің берер ең жақсы сыйы –  тәрбие», – деген екен. Тағы бір хадисте: «Балаға бір рет көңіл көліп, тәрибе беру – бір сағ (бір сағ – 2120 граммға тең) көлемінде садақа бергеннен де жақсы», – делінген. Бұл – тәрбиенің маңыздылығын меңзейтін хадистердің бірі.

Отбасы тәрбиесінде ескеретін жағдай – бала-шағаның қолымен садақа беру, яғни отбасыңды өзгеге жақсылық жасауға дағдыландыру. Кішкентайынан садақа беруді үйренген бала өскенде өзгеге жақсылық жасайтын болады. Сайып келгенде, отбасы ізгіліктің ошағы болуы керек.

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) отбасында садақа көп берілетін. Хадиша (оған Алла разы болсын) анамыз жиған дәулетін Ислам жолында жұмсаған. Ол адамдарды Исламға шақыру үшін жиі дастархан жайып, қонақжайлық танытатын. Бір жолы Айша анамыз (оған Алла разы болсын) бір қайыршыға ақша санап бермек болғанда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әй, Айша, беретініңді санамай бер, әйтпесе Алла да саған беретінін санап береді», – деген екен. Расында, садақа – адам өмірін ұзартып, отбасын бәле-жаладан сақтайды. Садақа – адамдар арасында мейірім мен бауырмалдықты арттырып, жақсылықты жаяды.

Алла Тағала отбасымызды аман етіп, оған жақсылығын жаудырғай. Әр шаңыраққа бақ пен береке, бірлік пен ізгілік тілейміз.  

 

Болатбек АБУОВ,

Қызылорда облысының бас имамы

«Мұнара» газеті, №16, 2021 жыл 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: