Қыз назы

Қыз назы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла Тағала Құран аятында;
-« Көктер мен жердің иелігі Аллаға тән. Қалағанын жаратады. Кімге қаласа, қыздар, кімге қаласа ұлдар береді. Немесе ұлдармен қыздарды жұп-жұбымен береді. Сондай-ақ қалағанын бедеу қылады. Күдіксіз Ол, толық білуші, аса күшті » . (Шура сүресі 49- 50 а)

Имам Бағауи бұл аяттың түсіндірмесінде; Өз қалағанын ғана жасай алатын;көкпен жердің егесі болған Алла Тағала кімге қаласа қыз баласын сыйлайды,яғни,Лұт,Шұғайып Ғ.С сияқты,кімге қаласа тек ұл баланы сыйлайды.Яғни Иброхим Ғ.С сияқты. Кейбіріне Пайғамбарымыз Мұхаммад Ғ.С бергені сияқты, ұл мен қызды араластырып береді.Тіпті біреулерін бедеуде қылады. Яхия және Иса Ғ.С сияқты.Мұның бәрі бір Алланың қалауы,оның біліміндегі даналық.Сол үшін де біреуге ұл не қыз бергені,тіпті еш нәрсе берместен бедеу қылғаны оны артық көргендігі не кемсіткені емес.Егер дәл солай ойлауға тиісті болсақ,өзінің асыл құлдары Пайғамбарларына Алла дәл осылай қатынас жасамас еді.-деп түсіндіреді.
Аятта әуелде Алла дүние мәселесінде «аъто» етістігін,яғни берді деген сөзді,ал перзент мәселесінде «иаһаба» етістігін,яғни сыйлады деген сөзді қолданады.Демек перзент ол пенденің еңбегімен табар игілігі емес,Алланың ерекше мейірімі түсіп,айрықша тосын сыйлық қылып сыйлай салғаны іспеттес.Сыйлықтың қайсысы болса да,құрмет ретінде берілгендіктен бағалауға тұрады.Сол үшін де перзенттің қыз болсың не ұл болсың Алланың сыйы болғандықтан бірі-бірінен артықшылығы жоқ.Сонда да осы аятты түсіндірген Ибн Атыйа (Алла рахым етсін) - « Алла Тағала аятты бекерге қыз баладан бастаған жоқ.Себебі құрметтеуге,аялауға,қамқорлық көрсетуге қыз баласы лайықтырақ» -деп қыз баласына абзалдылық танытады.Уасил ибн Аскаь (Алла разы болсын) болса ; « Шындығында әйел бақыты,ұлдан бұрын қыз босанғанында.Өйткені Алланың өзі аятында,ұлдан гөрі қызды ілгері қойып жатыр ғой»-деп, өз пікірлерін білдіреді.Бұл пікірді асыл Пайғамбарымыздан жеткен біршама хадистер қостап кетеді.
Жабир ибн Абдуллаһтың (Алла разы болсын) айтуынша ол Аллаһ Елшісі С.Ғ.С –нан мына сөзді естіген екен.

- «Кімде-кім үш қыздың әкесі болса,сондай-ақ оларға мейірімділік көрсетіп,қамқорлық жасаса,аялап өсіріп,тұрмысқа ұзатса,ол кісіге жаннатқа кіру міндет болып қалады.Ол кісіден;-«Егер оның екі қызы болса қалай болады?»-деп сұралды. Аллаһ Елшісі С.Ғ.С,-« Иә,екі қызы болса да(жаннатқа кіреді) »-деп жауап берді( Имам Ахмад №14247 Имам Бухари Адабул Муфрад №78)
Уқба ибн Амрде (Алла разы болсын) Аллаһ Елшісі С.Ғ.С мына сөзді естіген екен.
-«Кімде-кімнің үш қызы болып,оны өз адал еңбегімен асырап,(тәрбиесіне) сабырлық танытса,бұл ісі оның тозақ отына қалқан болады» (Имам Бухари Адабул Муфрад №76)
Абу Сағид Құдриде (Алла разы болсын) Аллаһ Елшісі С.Ғ.С былай деп айтқанын естідім дейді;

-«Кімде-кімнің қамқорлығына алған үш қызы немесе үш қарындасы болса,ол жаннатқа кіреді. (Имам Бухари Адабул Муфрад №79)
Ибн Аббаста (Алла разы болсын); Аллаһ Елшісі С.Ғ.С мына сөзді естіген екен.
-«Қандай мұсылманның екі қызы болып,онымен көркем қатынастар жасаса,ол ісі оны жаннатқа жетектеп апарады (Имам Бухари Адабул Муфрад №77)
Ибн Аббас (Алла разы болсын) басқа бір хадисте, Аллаһ Елшісі С.Ғ.С мына бір сөзді жеткізеді;

-«Кімнің бір қызы болса,ол оны тірідей құмға көмбесе,оны қорламаса,жәбірлемесе,ұлын ол қыздан артық көрмесе,Алла оны жаннат тұрғындарынан қылады.(Ахмад « Муснад» №1957)
Анас ибн Малик (Алла разы болсын) Аллаһ Елшісі С.Ғ.С мына хадисті жеткізеді;

-« Кімде-кім екі не үш қызды немесе екі не үш қарындасын қамқорлығына алса,оған мұқтаж болмағанға дейін не ажалы жетіп қайтыс болғанға дейін,ол кісімен жаннатта мен дәл осындай күйде боламын»-деп, Аллаһ Елшісі С.Ғ.С сұқ саусағымен ортаңғы саусағын біріктірді. (Ахмад « Муснад» №12498)

Ибн Баттал (Алла рахым етсін) осы хадиске;-« Жаннатта Аллаһ Елшісі С.Ғ.С –ның көршісі болуы сияқты,биік мәртебе жоқ.Сол үшін де осы хадисті естіген жан,қызыға амал етуі керек деп ойлаймын»- деп түсініктеме береді. (Фатхул –Бари 10\536)
Набит ибн Шурайт (Алла разы болсын) Аллаһ Елшісі С.Ғ.С –нан жеткізеді;
Дүниеге қыз баласы келген кезде;Алла ол үйге періштесін жібереді;олар осы үйге Алланың рахметімен тыныштығын тілейді.Сосын періштелер жас нәрестенің қанатымен қаумалып,басын сипайды да,- «Қандай ол әлсіз,әлсіз денеден шыққан мұқтаж жаратылыс.Егер оны әкесі,өсіріп,тәрбилесе,қиямет күніне дейін Алланың оған жәрдемі болады –деп тіл қатады. (Имам Табарани)

Тыңдап отырсақ,ұл балаға қатысты,дәл осындай жаннат төріне тегін шығаратын хадистер келмеген.Мұның бәрі қыз бала өсіргеннің ұл балаға қарағанда Алла алдында биік бір мәртебе екендігін білдіреді.Алайда солай бола тұрса да,қыздан гөрі,әйелі ұл туғанды қалайтын,тіпті қыз туса,қабағы шытылып,түрі бұзылып кететін ер азаматтар әлі күнге дейін өмірімізде кездесіп жатады.Шаңыраққа ие болар,ұрпағымды таратар деп ұл баланы артық көріп,қыз баласын кемсітіп жүреді.Сөз басында айтқандай,перзент ол Алланың сыйлығы,сыйланған нәрсе сыйлануымен бағалы.Ұлдың не қыздың қайсысы қайырлы екендігін Алладан басқа ешкім білмейді. Тарихта өңкей қыз өсіріп,тегі үзілсе де қызығын көрген Лұт,Шұғайып Ғ.С сияқты пайғамбарлар өмірден өткен еді.Асыл Пайғамбарымыз Мұхаммад С.Ғ.С өзі ұлдары болса да,кішкене кездерінде шетінеп,келін түсіріп,тойын да тойлай алмады.Қыздары ғана Аллаһ Елшісі С.Ғ.С бірге өмір сүріп,әкесіне сүрінсе сүйеу,жабықса демеу бола алды. Асыл Пайғамбарымыз қыз балаларынан көруге тиісті қызықтарының бәрін көрді.Қыздан тараған немерелерінің қызығына да қанықты.Ізгі Пайғамбарлардың жолымен; Ия,Алла,маған ,қайырлы перзент бере гөр.-деп сұраушы еді.Алла да оған ұлдан гөрі қыз баласын көп беру арқылы қыз баланың данқын асқақтатты.Әзіз Пайғамбары Мұхаммад С.Ғ.С-ның мүбарак сөзі арқылы,қыз бағып,оны аялаған әкеге аса қымбат жаннатты тегін сыйлай салатындығын жар салды.

Қыз баласын кемсітпеу,аялау,құрметтеу,мейірім төгіп жақсы көру,асыл Пайғамбарымыздың сүннеттерінен.Тіпті әрбір әке сый-сияпат үйге әкелсе,қыз баласынан бастап таратуды шариғатымыз міндеттеген.Қызды кемсіту, ренжіту,кейіту,яғни қыз назынан қорықпау Аллаға және ахирет күніне сенген кісілердің іс әрекетінен болмайды.Асыл Пайғамбардың жолын бұлжытпай ұстанған қазақ халқы қыз баласын қатты құрметтеген.Қызды қонақ деп төріне шығарған.Қазақ халқында «Қыз төркіндеу» деген тамаша бір үрдіс болған екен. Ұзатылған қыз өмірге сәби әкелген соң ғана,үйіне төркіндеп келе алады екен.Еліне төркіндеп келгенде,ата-бабасына құран оқытып мал садақасын жасаған соң,кетерінде әкесінен не бауырынан өзінің сүйген нәрсесін сұрауға хақылы екен.Сәйгілік ат болуы мүмкін не қымбат жиһаз болуы мүмкін.Не сұраса да қыздың сұрауы өтелуі қажет екен.Қыз назданып,ренжіп кетсе,ол сұраған дүние бұйырылмайды деген сенім халық көкейінде сақталған.Осыған ұқсас қазақта жігіттің үш жұрты бар деген ұғым бар.Қазақ; « жігіттің өз жұрты күншіл,қайың жұрты міншіл,нағашы жұрты сыншыл»-деп, сипаттай келе,жігіттің жұртының ең жақсысы нағашысы деп,сөз тоқтам жасайды.Неге десең,бұл жерде де қыздың назы себеп болса керек-ті. Қыз төркіне келіп еркелеп кетсе,оның еркесін көтеруге тиісті болған елі,қыз көңілі үшін қыздан туған жиеннің де еркелігін көтеруге тиісті болған екен.Қыз назынан қорқып,қыз баласын да өзіне жат санамай,еркелетіп отыратын нағашы жұрты өз жұртынан да қайырлы болуы заңды құбылыс емес пе?
Халық даналығында сақталған «Қызды сыйламаған қырсық шалады». «Ән сазымен, қыз назымен» «Қыз ауыр ма, тұз ауыр ма?» «Қыз бала әкесіне жұлдыз, шешесіне күн» «Қызға берген білінбес» т.б осы сияқты нақыл сөздер де осы сөзімізді қостап кетеді. «Жиеннің назары жаман», «Жиенді ұрғанның қолы қалтырайды» деген қазақ қыз түгілі,қыздан туғанды құрметтеуі әлі күнге дейін үрдіс ретінде сақталып қалуы да осы сенімнің ұшқыншағы іспеттес.Мұның бәрі дәстүрімізге сіңген асыл дініміз Исламның құндылығы,ғасырлар бойы мызғымас Пайғамбар сүннеттері екендігін көп адам біле де бермес

Жуалы ауданының бас имамы
Кенжемолдаев А Р

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (4)

Оқи отырыңыз: