Иманды қалай сақтауға болады? (жалғасы)

Иманды қалай сақтауға болады? (жалғасы)

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

6. Құран аяттарына ой жүгіртіп оқу

Қасиетті Құран — сарқылмас байлық әрі өлшеусіз қор. Мұны Алла Тағала 23 жыл бойы Өзінің Елшісі Мұхаммедке ﷺ , оның үмбетінің бұл дүниедегі басшылығы етіп, үмбетті бақытсыздыққа ұшыратпай, опат болудан сақтап, олардың тура жолын жарықтандыру үшін түсірген.

Алла Тағала былай айтқан: «Ал сонда олар Құранды түсінбей ме? Егер Алладан басқаның қасынан болса еді, әрине онда олар көптеген қайшылықтар табар еді» (4:82);

«(Мұхаммед Ғ.С.) саған бір мүбарак Кітап түсірдік; аяттарын түсінсін әрі ақыл иелері үгіт алсын» (38:29).

Алла Құранға ой жүгіртпейтіндерге сес көрсете былай айтқан: «Әйтпесе олар, Құранды түсінбей ме? Немесе олардың жүректері құлыптаулы ма?» (47:24).

Кім Құранды басшылыққа алып өмір сүрсе, сол тура жолда нық тұрады әрі осы дүниеде және ақирет өмірде құтылатын болады.

7. Өз күніңді Алла бұйырған намаз бен өзге де жақсы амалдарды есепке ала отырып, сондай-ақ, жеке бас, отбасы әрі қоғам қажеттіліктерін жоспарлау

Асқан ұйымшылдық адамды өз қағидаларына берік болуды үйретеді, Алла Тағаланың панасында болып, тура жолдан ауытқымауға көмектеседі.

8. Кез-келген тыйым салынған істен бойыңды аулақ сал, үлкен-кіші күнәлардан сақтану

Күнә — шайтанның жүрекке кірер есігі, жүректі аздырып, күнәһарды келесі бір күнә жасауға итермелейді. Бұл жүрекке түскен қара дақ, осы даққа тағы бір дақ қосылу арқылы жүрек толықтай қап-қара болмайынша қарая беретін болады.

Хузайф Пайғамбарымыздың ﷺ былай айтқанын келтірген: «Ши тоқыманың есілгеніндей, жүректер де алдау мен арбауға түседі. Алдау мен арбау сіңіп қалған жүректе қара дақ пайда болады, ал оларды қабыл алмайтын жүректерде ақ дақ пайда болады, осылайша жүрек екі түрге бөлінгенше жалғаса береді. Біріншісі — жылтыр жартасқа ұқсас ақ, жер мен көк тұрғанда, алдау мен арбау оған зиянын тигізе алмайды, ал екіншісі —төңкерілген құман тәрізді қара сұр: ол рұқсат етілгенді мойындамайды, тыйым салынғаннан бойын аулақ салмайды, оған тек өз құмарлығы ғана сіңіп алған» (Мүслим 144).

9. Бұл дүние және Алланың жаратқандары туралы көп ойлану

Дегенмен, ақылды адамға өзін ойлау ғана жеткілікті.

Алла Тағала былай айтқан: «Жер жүзінде нақ сенушілерге дәлелдер бар;

Сондай-ақ өздеріңде де бар. Көрмейсіңдер ме?» (51:20-21);

«Құранның мүлде шын екендігі айқындалғанға дейін әлемдегі және өздеріндегі белгілерімізді жедел көрсетеміз. Расында Раббыңның әр нәрсеге куә екендігі саған жеткілікті емес пе?» (41:53).

Пенденің тәні сондай көркем күйде жасалып, есту, көру, иіс сезу қасиеттеріне, екі қол, екі аяқ және тағы да басқа ағзаларға ие болған кейіпте жаратылған. Егер адам бір сәт осы нығметтер туралы ойланар болса, онда міндетті түрде: «Алла Пәк! Алла Ұлы!» деп айтар еді. Сөзсіз, Алла Тағаланың жаратқандары туралы ойлану Оның бұйырғандарын табанды түрде орындауға көмектеседі. Алланы үнемі ізет тұту Оның ілімі мен дінін сенімді түрде ұстануға жәрдемдеседі.

10. Өзіңе жақсы жолдастар мен адал достар табу

Жолдастар бір-біріне ұқсауға әрі ықпал етуге тырысады. Сондықтан жақсы істерде сізге қолдау көрсетіп, күнәлардан шектетіп отыратын жандарды ғана өзіңізге дос етіп алыңыз. Бұл діндегі табандылықтың кепілі, өйткені адамның жаны өзгелердің ықпалына түсіп кетуге немесе біреулерге әсер етуге қабілетті. Адам баласы айналасындағылардың ықпалына берілгіш келеді, алайда ешкім де менмендік танытушы болмасын.

Алла Тағала Құранда былай айтқан: «Сол күні тақуалардан басқа достар, бір-біріне дұшпан болады» (43:67). Олар жақсы достар деп айтылған, өйткені бір-біріне ықпал етіп отырған.

Ақындардың бірі былай айтқан болатын: «Адам жайында сұрама, оның досы туралы сұра, өйткені достар бір-біріне ұқсас келеді».

11. Мүміндерден болған тамаша адамдардың өмірімен танысу

Бірінші кезекте, Алла Елшісінің ﷺ өмір тарихын оқыңыз. Ол төзімділік танытқандардың ең жақсысы, тақуалардың имамы, алдыңғылар мен соңғылардың сардары және ұқсауға тырысудың ең көркем үлгісі бола білген.

Алла Тағала былай айтқан: «Расында сендер үшін, Алланы да ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін; Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар» (33:21).

Шүбәсіз, ұлы адамдардың өмірімен танысу адамға олар қол жеткізген қажыр мен күшті береді. Бақытты болуға ұмтылушылар өз бағдарламасына ұлы тақуалардың

өмірлері туалы кітап оқуды қосып қойсын. Бұл дінді табанды түрде ұстануға, жетістіктерін қорғауға және өмірдің келеңсіздіктеріне әлсіздік танытпауға көмектеседі.

12. Пайдалы ілім алу

Пайдалы ілім істің мән-жайын және маңыздылық деңгейін жете түсінуге жәрдемдеседі. Ең көркем білім — Алла, Оның Елшісі ﷺ және Оның шариғаты туралы ілім.

Алла Тағала былай айтқан: «Алла (Т.) сендерден сондай иман келтіргендердің, ғылым бергендердің дәрежелерін көтереді. Істегендеріңді толық біледі» (58:11);

«(Мұхаммед Ғ.С.) оларға: “Білгендер мен білмегендер тең бола ма?”,- де. Шын мәнінде ақыл иелері ғана үгіт ала алады» (39:9).

Ибн ‘Аббас Алла Елшісінің ﷺ былай айтқанын келтірген: «Шайтанға білімсіз мың құлшылық етушіден бір білімді қауіпті» (Ибн Маджа 222).

Осы қарапайым кеңестерді басшылыққа алар болсақ, олар дінде табанды болып, оны сүюге әрі кедергілердің алдында әлсіздік танытпауға көмектеседі. Уа, Алла, бізді тура жолдан тайдыра көрме, иманды түрде өліп, мүміндермен бірге тірілуге нәсіп ете гөр. Асылында, Сен біздің дұғаларымызды естисің әрі қабыл етесің.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: