Үлкенге құрмет – ізеттілік белгісі

Үлкенге құрмет – ізеттілік белгісі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын!

Дәстүрлі қазақ қоғамында жасы үлкен адамдарды құрметтеу рәсімі ежелден бар. Ондай құрмет жасы үлкен кісінің қай рудан, қай жүзден, қай ұлттан екендігіне қарамай көрсетілетін. Қазақта сұлтан, батырлармен қатар барлық жасы үлкен, қартайған ер азаматтардың бәрі, кім екеніне, қандай тектен шыққанына қарамай, ерекше сый-құрметке бөленген.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.ғ.с.): «Кіші үлкенге сәлем беру керек», - деген. (Бұхари). Пайғамбар (с.ғ.с.) үмбетіне айтқан өсиеттерінде үлкендерді сыйлап, жастарға мейірімді болуды тапсырған. Ибн Аббастан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.ғ.с.): «Кішілерімізге мейірімді болмаған, үлкендерімізге құрмет көрсетпеген адам бізден емес»,-дейді.

Әр жастағы адамдар тобына байланысты ереже мынадай: жасы үлкенге сөзсіз бағыну, ізет, құрмет көрсету. Мұның өзі алдыңғы буын ағалардың жастар алдындағы жауапкершілігін, қамқорлығын қамтамасыз етеді. Үлкендер мен кішілердің арасындағы қарым-қатынастың қыр-сыры тек жастар мен ересектердің арасында ғана емес, оның әр тобының өз ішінде де қалыптасқан. «Үлкен», «Кіші» деген тәрбиелік жүйенің айқын белгіленген өзіндік құндылықтары бар. Жеке тұлғаның бағалану дәрежесі ең алдымен оның жасына қарайды. Және өзара қарым-қатынастың қағидасын солар қалыптастырады. Нақты бір жасы үлкен ағаны сыйламау – жалпы «Үлкенді» сыйламау деген идеяның өзін жоққа шығармайтындай қалыпта көрінуге тиіс.

Қарттарға құрмет – қазақтың ықылым заманнан бері бұлжытпай, қаймағын бұзбай сақтап келе жатқан ата дәстүрі, танымы. Халқымыз қазыналы қартын «жазып қойған хатына теңеген». Сен демек қиын емес пе, Бұрынғы туған үлкенге? – (Шортанбай Қанайұлы) деп кейінгі ұрпаққа қашанда «сіз», «біз» деп сыйласып жүруді өсиет еткен. «Сіз деген – әдеп, біз деген – көмек» Осыны меңзеген Майлықожа ақын бір толғауында: «Болар елдің баласы бірін-бірі сіз деген, болмас елдің баласы бірін-бірі күндеген»,-деп жырлайды. Ұрпағының ұлағатты, ұлт қамын ойлар ұлтжанды болуын көздеген қазақтың бауыр еті баласына ең алдымен үйрететіні де осы үлкенді сыйлау жайы екен. Аналар айтатын бесік жырындағы «Қолымыздан іс алып, мойыныңа күш алып, бізді бағар ма екенсің?» деп келетін өлең жолдары соны айғақтаса керек.

Ардақты Пайғамбарымыздан (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жеткен хадисте: «Жастарға ізет, үлкенге құрмет көрсетпеген бізден емес " деген. Балалардың ауылға үлкен келсе, алдынан шығып, амандасып жатқанын, кей жерлерде киімін алып, қолына су құйып беріп, т.б қызметтеріне жарап жатқанын көресіз. Мұның барлығы қариясын ақыл-ойдың дариясына балап, оның батасын алып, көгеруді көздеген қазақтың баласына үйреткен тағылымды тәрбиесі, өнегесі екені анық.

Иә, қазақ үшін үлкенге құрмет көрсету – жазылмаған заңдылық. Бұл – еш жерге жазылмай, еш заңға бағынбай атадан балаға мирас боп келе жатқан тәрбиенің қайнар көзі. Кезінде үш жүздің басын қосқан атақты Абылай ханға ақыл айтып, жөн сілтеген Бұхар жыраудың өзі: Тоғызыншы тілек тілеңіз, Тоқсандағы қарт бабаң Топқа жаяу бармасқа, – деп, қазыналы қарты үшін алаңдап, ол үшін дұға жасап, тілек тілеуге шақырған. Себебі қазақ елі – ешқашан үлкеннің алдын кесіп өтпеген, «ата тұрып ұл сөйлегеннен без, шеше тұрып қыз сөйлегеннен без»-деп үлкендер арасында алға шығып сөз сөйлеуді ерсі көрген халық.

Ұлдардың дастархан басына келгенде сабырсыздау болатындығынан ба, әлде қарнының ашып, мазасының қашатынынан ба, әйтеуір бір жолы үйдегі ағамның әкем келмей тұрып тамақты бастап кеткені үшін қатты сөгіс естігені бар. Бұл да болса үлкенге, ата-анаға деген сый-құрметтің отбасы, ошақ қасындағы тәрбиеден бастау алатындығын көрсетсе керек. Ертеден тағылымы мол қазақ халқымыз «Баланы жастан» деп рухани құндылықтарымызды бала тәрбиелеудің игілігіне жұмсаған. Жас шыбықты жастайынан халық ауыз әдебиетімен суарып, ел үшін ерен еңбек сіңірген тұлғаларды үлгі етіп, ұлтжандылыққа тәрбиелеген.

Сонымен қоса отбасындағы қағида - әке-ана құрметі, үлкенді құрметтеу, кішіні ізеттеу. Бала тәрбиесі бесіктен деп ұғынған отбасы әр баланың тәрбиесін, түздегі қылығын қадағалап отырған. Өйткені, тәрбиелі адам - тағалы атпен тең деген. Біздің әр сөзіміз, ісіміз тәрбие екенін ұмытпайық.

Осындай өнегелі амалымызбен, Исламмен біте қайнасқан салт-дәстүрімізбен біз де, перзенттеріміз де жәннатқа кіруіміз бек мүмкін! Ұлықты ұл, қылықты қыз, салихалы ұрпақ тәрбиелеу қазіргі буынның міндеті. Перзенттеріміз иманды, ибалы болса, келешек қазақ елінің тұғыры биік боларына нақ сеніммен қараймыз. Ата-анасының, елінің қадірін білетін, әулетті ұрпақ тәрбиелеуді Алла Тағала баршамызға нәсіп етсін!

Ғани Таңатаров 

Жамбыл ауданы

Бектөбе ауылы "Бектөбе" мешіт имамы

asyldin.kz  

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: