Ізгілердің бірі былай деген екен: «Он нәрсені он нәрседен іздеп едім, басқа он нәрседен таптым. Абыройды тәппарлықтан іздеп едім, кішіпейілділіктен таптым. Нағыз ғибадатты намаздан іздеп едім, ол сақтықта (тақуалық) екен. Рахатты дүние жинаудан іздеп едім, керісінше, дүниені тәрк етуден таптым. Жүректің нұрын күнделікті жария оқылатын күндізгі намаздардан іздеп едім, оны түнгі оңаша оқылатын намаздан таптым. Қияметтің нұрын жомарттық пен салиқалықтан іздеп едім, оны шөлдеу мен аш жүруден таптым. Қыл көпірден аман өтуді құрбан шалудан іздеп едім, оны садақадан таптым. Тозақтан құтылуды мубах істерден іздеп едім, шәһуаттарды тәрк етуден таптым. Алла Тағаланың сүйіспеншілігін дүние жинаудан іздеп едім, оны зікір етуден таптым. Аман-саулықты көпшілікпен бірге жүруден іздеп едім, оны оңашалықтан таптым. Жүректің нұр-сәулесін уағыз бен Құран оқудан іздеп едім, оны терең ойлану мен жылаудан таптым».
Адам баласы кейде өз бақытын байлықтан, атақ-абыройдан іздейді. Алайда оған мал-дәулет бітсе, жүрегі мазасыз күй кешеді. Оны одан сайын көбейтуді уайымдайды немесе азайып қалса жүрегі сыздайды. Ақыр соңында іздеп тапқан байлығы өзін бақытты ете алмайтынын түсінеді...
Әйгілі Хасан Басри (Алла оны рақымына бөлесін) мына оқиғаны баяндайды: «Бір күні мен Басра қаласының көшесінде бір тақуа жігітпен бірге келе жатыр едім. Алдымыздан дәрі сатып отырған бір кісі көрінді. Оның айналасына бір топ адам жиналып қалыпты. Әрқайсысының қолында бір-бір құты бар. Өздеріне керек дәрілерді сұрап, құтыларға құйып жатыр екен. Қасымдағы жігіт әлгі сатушы кісіге барып: «Ей, дәрігер! Сенде күнәларды кетіріп, жүректерді тазартатын дәрі бар ма?» – деп сұрады. Сонда сатушы дәрігер: «Мұнда кел. Менен он түрлі нәрсені сатып ал. Біріншіден, кедейлік ағашының суы мен кішіпейілділік ағашының суын сатып ал. Оларды тәубенің ем суымен араластыр. Содан кейін Раббыңның разылығының диірменіне сал. Сосын қанағаттың сүргісімен жон. Тақуалықтың қазанында қайнат. Оған ұяттың суынан қос. Оны махаббат отымен қайнат. Содан кейін оны шүкірлік құтысына құй. Үміт желімен салқындат. Әлхамдының (Аллаға мадақ) қасығымен іш. Егер сен осы айтқанымды істесең, осы дүниенің де, ақыреттің де барлық дерттерінен аман боласың» деді».
Адамның адамгершілік сипатына көрік беріп тұратын кішіпейілділік деген қасиет бар. Бұл қасиетті бойына қалыптастырған пенде Алланың да, адамның да ризашылығына бөленеді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасиетті хадис шарифтерінің бірінде былай дейді: «Ұлық Алла үндемегенді бай, ысырап жасағанды кедей етеді, кішіпейіл болғанды көтереді (мерейін үстем етеді), тәкаппардың сағын сындырады».
Алла Тағала Құранда кішіпейіл адамды: «Рахманның құлдары жер бетінде сыйпайы түрде жүреді...» («Фұрқан сүресі», 63-аят) деп сипаттаған. Осымен бірге кішіпейіл адамның бойында қандай сипаттар болу керек? Біз бұған жауапты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінен аламыз. Хақ елшісі: «Кішіпейілділіктің басы – кездескен адамыңа бірінші болып сәлем беруің, сәлем бергенге жауап қайтаруың, мәжілістің шетінде отыруға болса да разы болуың, мақталуды, нәпсіңді қорғаштауды, істеген жақсылықтарыңның жариялануын жақсы көрмеуің» деген.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы кішіпейілділік жайында: «Дін ұстансаң, топырақ болып, аяққа илен», – деген екен Алла Тағала баршамызға кішіпейілділік сипатты нәсіп етіп, екі дүние нығметіне бөлегей. Әмин!
Бауыржан қажы НЫҒЫЗБЕКҰЛЫ,
Өскемен орталық мешітінің бас имамы
«Мұнара» газеті, №17, 2021 жыл