Бірде Хасан әл-Басри Мекке қаласына келеді. Сол кезде қасиетті Қағбаға арқасын сүйеп, жұртқа уағыз айтып отырған Әли ибн Әбутәліптің (Алла оған разы болсын) баласын көреді. Хасан әл-Басри оның жанына келіп: «Діннің ең маңызды ісі не?» – деп сұрайды. Сонда ол: «Тақуалық», – деп жауап береді. «Ал діннің апаты не?» – деп сұрағанда: «Ашкөздік», – деген екен. Хасан әл-Басри оның сөзіне таңданып тұрып былай дейді: «Тозаңның көлеміндей тақуалық таудың көлеміндей намаз бен оразадан әлдеқайда қайырлы».
Бұл оқиға бізге көп нәрсені меңзейді. Кез келген істе тақуалық маңызды рөл атқаратынын анық аңғартады.
Ислам ғалымдары тақуалық сөзіне түрлі анықтама берген. Ғалымдардың айтқан сөзін жинақтай келгенде тақуалықтың харам іске жетелейді деген қауіппен күмәнді істен сақтану екенін түсінеміз. Кейбір ғалымдар тыйым салынған іске итермелейді деген қауіппен тыйым салынбаған іске жоламауды да тақуалық деген. Бұған қатысты Хақ елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сені күмәнға жетелеген істі өзіңді күдіктендірмейтін іске қалдыр», – деген. Тағы бір хадис мәтіндерінде: «Тыйым салынған іске жетелейді деген қауіппен тыйым салынбаған істің өзінен бас тартпайынша, пенде ешқашан тақуа жандардың деңгейіне жете алмайды;Кім де кімнің бойынан үш түрлі қасиет табылса, ол мол сауапқа кенеліп, иманы кемелденеді. Олар – адамдар арасында дұрыс өмір сүретін көркем мінезі, Алланың тыйым салған істерінен қалқан болатын тақуалығы, наданның надандығын қайтара алатын даналығы; Білім құлшылықтан да қайырлы. Діндегі ең қайырлысы – тақуалық» делінген.
Сахабалар өлшеулі өмірінде тақуалыққа аса мән беретін. Солардың бірі Омар ибн Хаттаб (оған Алла разы болсын) еді. Ол бір өлкеге адамды басшылыққа тағайындаған кезде қатаң шарт қойып, былай деген: «Жүйрік тұлпар мінбейсің, дәмді тамақ жемейсің, жібек киім кимейсің және мұқтаждықпен алдыңа келгендерге есігіңді тарс жауып алмайсың. Егер осы айтылғандардың біреуін істейтін болсаң, саған ауыр жаза қолданамын».
Бір күні Омар ибн Хаттабтың (оған Алла разы болсын) әйелі базардан тәттілер сатып алады. Мұны көрген Омар (оған Алла разы болсын) әйелінен тәттілерді қандай қаржыға сатып алғанын сұрайды. Әйелі күнделікті қаражаттан үнемдеп, соның есебінен алғанын жеткізеді. Сонда Омар (оған Алла разы болсын): «Егер сен шын мәнінде мұқтаж болғаныңда ақшаны көбейтіп, үнемдей алмас едің. Сондықтан қажетіңнен тыс қаражатты мұсылмандардың қазынасына қайтаруға тиіссің», – деген екен.
Харам іске жетелеуі мүмкін деген қауіп осындай тақуа жандардың көптеген нығметтерден бас тартуына себепші болған. Өйткені шынайы иманның ләззатын сезінген ізгі жандарға Алла Тағала шынайы тақуалықтың нығметіне бөлейді. Шынайы тақуалық нығметі берілген адам Алладан қорыққан түрде Оның мейірімінен үміттеніп, ешбір күмәнді іске аттап баспайтын дәрежеге ие болады.
Алла Тағала қасиетті Құранда: «Алладан (яғни тиісінше тағзым етіп, Оған қарсы келуден) қорқыңдар. Шүбәсіз, Алла пенделерінің көкірегіндегі бар сырды біледі» («Мәида» сүресі, 7-аят) дейді. Мәлік ибн Динар (Алла оны рақымына алсын) былай деген екен: «Өз бойынан тақуалықты байқап, үкілі үмітті сезінген адам шүбәсіз ақиқатқа жармасады. Тақуалықтың белгісі – Құдай тыйған істерден жиіркене қашу. Үміттің белгісі – Құдай бұйырған істерді сүйсіне жасау».
Ғалымдарымыз айтқандай, шынайы тақуалықтың белгісі – Алладан қорқу. Алладан қорқудың белгісі – күмәнді істерден тыйылу. Қорқыныштың белгісі – қайғы. Ал Алладан үміт етудің белгісі – көркем түрде құлшылық жасау.
Бойдағы тақуалықтың көрінісі – Алладан ұялу. Абай Құнанбайұлы «Арыңды сатып тапқан мал – харам» дейді. Қазақ халқы ұяты бар адамның иманы бар деп білген. Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқандай, әрбір діннің өзіне тән мінезі бар. Исламның мінезі – ұяңдық (ұят). Расында ұяты жоқ адам білгенін істейді. Ұят пен тақуалық – егіз ұғым іспетті. Өйткені ұят – жақсылықтың ұрығы. Қасиетті хадис-шарифте ұят пен иман тығыз байланысты екені айтылады. Егер ұят кетсе, екіншісі де бірге кетеді.
Тақуалық адамнан көп құрбандықты талап етеді. Ізгі ғалымдар: «Тақуаның алдында асулар бар. Сол асулардан өте алса, тақуалыққа қол жеткізеді. Олар: рахатты қиындыққа айырбастау, демалысты еңбекпен айырбастау, өзін жоғары ұстауды төмен ұстауға айырбастау, көпсөзділікті үнсіздікке айырбастау» деген.
Ғалымдар тақуа адам сөйлемес бұрын сөзіне, жемес бұрын тамағына мән беретінін айтқан. Сонымен қатар көзін, қолын, аяғын, жүрегін жаман нәрсені істеуден, құлшылықта өзін екіжүзділік сипаттан сақтаған адам тақуалыққа қол жеткізетінін айтқан. Алла Тағала Құранда: «Ақырет жұрты тақуалар үшін Раббыңның құзырында» деген. Алла Тағала сіз бен бізге тақуалықты нәсіп етіп, екі дүние нығметіне бөлегей. Әмин!
Бақытжан ҚҰРАЛБАЙҰЛЫ,
Батыс Қазақстан облысының бас имамы
«Мұнара» газеті, №17, 2021 жыл